Баһаи

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Индиядағы Баһаи ғибадат үйі
Бүкіләлемдік Әділет Үйі, Хайфа

Баһаи Сенімі (ағыл. Bahá'í Faith, орыс. Вера Бахаи) - бүкіл адамзаттың рухани бірлігін ұран еткен ең жас әлемдік дін.[1] Сенімнің негізін қалаушы Баһаулла (1817—1892 ж.) Құдайдың адамзатқа аян беріп жіберген Ибраһим, Мұса, Будда, Заратустра, Кришна, Иса, Мұхаммед және Баб сияқты Елшілерден құралған тізбектің жалғастырушысы болып саналады.[2]

Баһаи сенімі XIX ғасырдың ортасында пайда болып, бүгінде 5 миллионнан астам ізбасардың басын біріктіреді. Олар 2112 түрлі ұлттар мен ұлыстардан, әртүрлі мәдениеттер мен әлеуметтік жіктерден құралып, әлемнің 188 мемлекетімен қоса 45 тәуелді территорияларда Баһаи сенімін ұстануда.[3][4] Сенімнің қасиетті жазбаларының белгілі бір бөлігі 800-ден астам тілге аударылған.[5][6]

Баһаи ілімі өзекті үш қағидаға негізделген.[7] Олар жаратушы Алланың бір екендігі, діндердің біртұтастығы және барша адамзат бірлігі. Алдыңғы пайғамбарлардың жазбаларына сәйкес, Баһаулла Құдайдың тек жалғыз діні бар деп жариялайды. Ол өткен шақта да, келешекте де Құдайдың қай елшісімен келмесін, мәңгі болып қала бермек.

Қысқаша мәлімет

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Баһаи Сенімі, өзінің жеке жазбаларымен, заңдарымен және сенушілер қауымдастығымен, ғибадат ету және өмір сүрудің ерекше үлгісімен, жер шарының барлық бөліктерінде тәуелсіз дін ретінде танылды. Діннің сипаты, тәуелсіз дін ретінде, көптеген ұлттардың жоғарғы азаматтық және діни билік орындарымен батыста да, шығыста да мойындалған. Тарих, әлеуметтану мен салыстырмалы дінтану көзқарасынан да бұл шешімді академиктер мен ғалымдар растады. 180-нен аса елдің азаматтық билік орындары Баһаи институттарының діни сипатын мойындап, олардың заңды тіркелуіне рұқсат етті. Халықаралық ұйымдар, ұлттық және жергілікті үкіметтер, дінаралық топтар мен азаматтық қоғамның ұйымдары бүкіл әлем бойынша Сенімнің тәуелсіз мәртебесін мойындап және оның қоғамдық дамуға қосқан үлесін, әсіресе, халықтар арасындағы бірлікті орнатуға, әділеттілікті уағыздауда, адам құқықтарының теңдігіне, адамгершілік, білім мен тұрақты дамып отыруға ықпал етуін бағалады.[8]

Негізгі ұстанымдары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Құдайдың бір екендігін мойындау
  • Діндердің біртұтастығы мойындау
  • Адамзаттың бірлігін мойындау
  • Әйел мен еркек тең құқықтылығын қабылдау
  • Наным-сенімдердің барлық түрлерінің жойылуы
  • Дүние бейбітшілігін орнату
  • Дін мен ғылым үйлесімділігін дәріптеу және ұстану
  • Ақиқатты өз бетімен тәуелсіз түрде зерттеу
  • Мәңгі дамушы өркениетті ілгерілету
  • Жалпыға ортақ білім беру жүйесін еңгізу
  • Әлемдік халықаралық қосымша тілдің еңгізілуі
  • Саясатқа араласпау
  • Шектен шыққан байлық пен кедейлікті жою

Баһаи ғибадатханалары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Германиядағы ғибадатхана

Баһаи ғибадат үйлері арабша Машрикуль-Азкар(Алланың даңқты мекені) деп аталады. Баһаулланың өсиеті бойынша Баһаилар тұратын әрбір елді-мекенде діндердің бірлігін бейнелейтін тоғыз кіреберісі бар, бір күмбезді ғибадатханалар тұрғызылуы тиіс.

Алғашқы Баһаи ғибадатханасы Ашқабат қаласында 1908 жылы салынған. Қазіргі уақытта әлемнің бүкіл құрлықтарында Баһаи ғибадатханаларының есіктері келем деушілерге ашық. Үндістан, Австралия, АҚШ, Германия, Панама, Уганда, Батыс Самоа және Чили сынды елдерде ғибадатханаларға барып кез-келген дін өкіліне мінәжат етуге болады.

Баб дәуірі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Толық мақаласы: Баб
Баб кесенесі, Хайфа

Баһаи Сенімі өз бастауын 1844 жылдың 23 мамырынан алады. Осы күні "Баб" есімін алған жас парсы жігіті, Сейід Әли Мұхаммед өзіне Алладан аян түскенін жариялайды. Оның мұраты қоғамды араға біраз уақыт салып келетін Елшінің келуіне дайындау болатын. Барлық діндерде күндердің күнінде Жаратқаннан қатарынан екі елші келеді делінген.[9] Мысалы, Исламда Иса Мәсіхтің екінші рет келуінен бұрын Мехди немесе Мәди келеді делінсе, Христиандықта да Исаның екінші рет оралуынан бұрын Алланың уәкілі түседі делінген. Осылайша діндерде жазылғандай Баб өзінің ерекше мақсаты хақында паш етіп, соңынан көптеген ізбасарлар ертеді.

Көптен күткен Пайғамбардың келуі жайлы насихаттаған жаңа Баб ілімі сол кездегі Парсы еліндегі кейбір дінбасыларына жақпады. Бабтың ізбасарларына дінбұзарлар және исламның дұшпандары деген жала жабылып, бірнеше жылдың ішінде жиырма мыңнан астам бабшылар азапталып өлтірілген еді. Бабтың өзі қамал абақтысына жабылып, өзінің аян алғаны туралы жария еткен сәттен алты жыл өткен соң, 1850 жылы атылып дүние салды.

Баһаулла дәуірі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Толық мақаласы: Баһаулла

Мырза Құсайын Әли (1817- 1892 ж.), парсылық ақсүйек, кейіннен Баһаулла ("Алланың даңқы" немесе "Алланың ұлылығы") деген атты қабылдаған бабшылардың бірі болған. Баб ілімін ұстанған үшін Тегерандағы «қара шұңқыр» деп аталатын зынданға қамалып, төрт айын сонда өткізген. Сол қараңғы түнек зынданда Бабтың болжаған Елші екендігі жайлы Жаратқаннан аян алған.

1852 жылға дейін Баһаулла өзінің бар күшін ыдырай бастаған бабшылар қауымдастығының қайта жаңғыруына арнаған болатын. Бұл жайтқа мазалана бастаған парсы үкіметі түрік билеушілерінен оны Иранмен шекаралас Бағдатқа жер аударылуын сұрады. Он жылға жуық уақыт аралығында Баһаулла Бағдатта көптеген серіктестер табады, сөйтіп бабшылар қауымдастығының күшеюіне ықпалын тигізеді. Бұдан сескенген Осман әміршілері Баһаулланы тұтқын ретінде Стамбулға көшуге мәжбүрлейді..

1863 жылы сәуір айының соңғы күндерінде, Бағдаттан көшірілмекші болған Баһаулла бірінші рет өзінің Алладан аян алғанын жария етеді. Келесі жылдардың аралығында ол көптеген әлем билеушілеріне жолдаулар жазады. Ол хаттарында Еуропа, Америка мен Азияның билеушілеріне өзінің Құдайдан алған өкілеттігі жайында хабарлап, бейбітшілік, әділеттілікке және әскери шығындарын қысқартуға шақырды.

Ыстамбұлда бірнеше ай қуғында болып, Баһаулла Адрианопольге жер аударылды. Кейін, сол кездегі Палестина, қазіргі Израиль аумағындағы Акка қаласына қамалады. Аккадағы алғашқы жылдарда (1868 ж.), оны түрмедегі қатаң жағдайда ұстады. Содан соң, қамалдан үйдегі тұтқын ретінде босатылады. Біртіндеп, жергілікті билік тарапынан Баһауллаға деген қатынас жұмсарып және тоғыз жылдан соң Баһаулла Аккадан екі шақырым жердегі Бахджи-ға көшіріледі. 1892 жылы дүниеден қайтқанынша ресми түрде тұтқын болып қала берді.

Өз өмірін қуғын-сүргінде өткізгенімен, Баһаулла Алладан түскен ілімін адамдардың жүректеріне жеткізе білді. Әр жер аударылған аймақта соңынан мыңдаған ізбасарлар ере бастады. Артынан қасиетті кітап "Кітаби Ағдас"тан басқа жүздеген жазбалар қалдырды. Баһаулла өлімінен кейін Баһаи сенімін оның үлкен ұлы Абдул-Баһа және немересі Шоги Эффенді әлемге таратты. Абдул-Баһа (1844-1921 ж.) сенімнің басшысы және қасиетті жазбаларының жалғыз өкілетті талдаушысы етіп тағайындалған еді. Шоги Эффенді болса, 1957 жылға дейін әлемдік Баһаи қауымдастығын басқарып, кейін Бүкіләлемдік Әділет Үйінің құрылуына атсалысты. 1963-ші жылдан бастап, Баһаилардың әлемдік қауымдастығы сайланып тұратын Бүкіләлемдік Әділет Үйімен басқарылады.

Баһаилар ұстанатын заңдар Баһаулланың жазып қалдырған "Кітаб-и-Ағдас" қасиетті кітабына негізделген. Төменде кейбір заңдардан мысалдар келтірілген.

  • Баһаи дұғалары міндетті және жалпы болып бөлінеді. Он бес жастан асқан Баһаилар күнделікті міндетті дұғаларын (намаз) оқулары тиіс. Және де әртүрлі тақырыптарға арналған жалпы дұғаларды, қасиетті жазбаларды оқу шарт.
  • Ересек сенушілерге жыл сайынғы Баһаидың бір айдан, яғни он тоғыз күннен тұратын ораза ұстау парыз.
  • Алкогольді ішімдіктер, құмар ойындарына тиым салынған
  • Фанатизм, түрлі ритуалдар және өсек айту, ғайбаттауға т.б. тиым салынады

Баһаи сенімінде отбасын құру әйел мен еркек арасында рухани үйлесімділік пен бірлік орнату мақсатын көздейді. Баһаи ілімінде жанұя қоғамның іргетасы ретінде қарастырылады. Баһаулла жанұя түсінігін дәріптеп, айырылысуды құптамаған. Гомосексуализмге болса, тиым салынады. Баһаулла некедегі жұбайлар бір-бірінің рухани дамуына атсалысуы қажеттігін үйреткен. Нәсіларалық некелер жоғары мадақталады. Ата-аналар балаларына қалыңдық немесе күйеу бала тауып бере алмаса да, үйленуге рұқсат-қарсылықтарын білдіріп шешім қабылдай алады.

Баһаи дінінде дінбасылар немесе имам, молда, пасторлар жоқ, өйткені тиым салынған. Әрбір адам адамзатқа пайда әкелетін жұмыс істеу арқылы Құдайға мінәжат етеді. Баһаулла аскетизмге тиым салған.

Баһаи күнтізбесі Баб қалыптастырған күнтізбеге негізделген. Әрбір жыл он тоғыз айдан құралса, әрбір ай да он тоғыз күннен құралады. Оразаның алдында айға кірмейтін қосымша күндер бар. Баһаи күнтізбесі жаңа жыл, яғни 21-ші Наурыздан басталады. Сөйтіп Баһаилар он тоғыз күннен тұратын ораза айын бітіріп, жаңа жылға аяқ басады. Баһаилар әрбір айдың басында, он тоғызыншы күн мерекесіне жиналады. Бұндай басқосуларда дұға оқылып, кеңес жүргізіліп, әлеуметтік іс-шаралар жүзеге асады.

Қазақстандағы Баһаи сенімі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Баһаи сенімін ұстанушылар Қазақстанға Орта Азия және Кавказдан ең алғаш 1938-1939 жылдардағы кеңестік қуғын-сүргінмен аяқ тіреген. Олар Қызылжар, Кереку, Ертіс бойы және Алматы облыстарында шоғырланған болатын. 1990 жылы қабылданған «Дін ұстану бостандығы» заңына сәйкес Қазақстан Республикасындағы Баһаи қауымдастығы 1991-1992 жылдардан бастап Жергілікті Рухани Жиналыстарын сайлай бастады. 1992 жылы он сегіз ірі қалаларда Жергілікті Рухани Жиналыстар сайланды. 1994 жылы Қазақстан Баһаиларының Ұлттық Рухани Жиналысының(ҰРЖ) сайлауы өтті. Сол жылы ҰРЖ мемлекеттік тіркеуден өтіп, 1997 жылы қайта тіркелген еді. 2002 жылы заң ұйымдарында 19 Баһаи қауымдастығы мемлекеттік тіркеуден өтті[дереккөзі?].

Сыртқы сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Moojan Momen, The Babi and Baha’i Religions, p. 59. Мұрағатталған 8 наурыздың 2016 жылы.
  2. isbn = 0-85229-486-7
  3. Bahá'í statistics#Worldwide figures|Bahá'í statistics for a breakdown of different estimates.
  4. Manfred Hutter
  5. Doctor of Theology, Stockman, R. H., Scripture
  6. Baha’i Sacred Writings Мұрағатталған 28 желтоқсанның 2010 жылы.
  7. Китаб-и-Агдас, К182
  8. Баһаи Халықаралық Қауымдастығының ресми сайты
  9. Winter, Jonah (September 17, 1997). "Dying for God: Martyrdom in the Shii and Babi Religions". Master of Arts Thesis, University of Toronto. http://bahai-library.com/winters_dying_for_god.