Мазмұнға өту

Үндістан

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Координаттар: 21°07′32″ с. е. 78°18′38″ ш. б. / 21.12556° с. е. 78.31056° ш. б. / 21.12556; 78.31056 (G) (O) (Я)
Үндістан Республикасы
хинди भारत गणराज्य
ағылш. Republic of India
Байрақ Елтаңба
Ұран: «सत्यमेव जयते»
Әнұран: «জন গণ মন» (тыңдау )
Тарихы
Тәуелсіздік күні 15 тамыз 1947 жыл (Ұлыбританиядан)
Мемлекеттік құрылымы
Ресми тілдері хинди, ағылшын тілі
Елорда Нью-Дели
Ірі қалалары Мумбаи, Дели, Бангалор, Ченнаи, Калькутта
Үкімет түрі Федерацивті парламенттік республика
Президенті
Вице-президенті
Премьер министрі
Рам Натх Ковинд
Венкая Найду
Нарендра Моди
Географиясы
Жер аумағы
• Барлығы
• % су беті
Әлем бойынша 7-ші орын
3 287 263 км²
9,6
Жұрты
• Сарап (2016)
• Санақ (2011)
Тығыздығы

1 324 171 354 адам (2-ші)
1 210 854 977[1][2] адам
403,5 адам/км² (31-ші)
Экономикасы
ЖІӨ (АҚТ)
 • Қорытынды (2019)
 • Жан басына шаққанда

$11,468 трлн.[3] $ (3-ші)
8,484[3] $ (119-шы)
ЖІӨ (номинал)
 • Қорытынды (2019)
 • Жан басына шаққанда

2,972 трлн.[3] $ (5-ші)
2,199[3] $ (142-ші)
АДИ (2017) 0,640[4] (орташа) (130-шы)
Этнохороним Үнділер, үндістандықтар
Валютасы Үндістандық рупия
(INR, код 356)
Қосымша мәліметтер
Интернет үйшігі .in
ISO коды INR
ХОК коды IND
Телефон коды +91
Уақыт белдеулері +5:30

Үндістан (хинди भारत Bhārat, ағылш. India), ресми атауы — Үндістан Республикасы (хинди भारत गणराज्य Bhārat Gaṇarājya, ағылш. Republic of India) — Оңтүстік Азияда Үндістан түбегінде орналасқан мемлекет. Үндістанда 1 210 193 422 адам – өзінің аса бай мәдениетімен және ежелгі өркениетімен әйгілі ел. Ол – терең тамырлы философияның, мол өзіндік ізгі рухани мұраның, сыры да, сыны да сақталған әдет-ғұрыптар мен дәстүрдің, жер-жаһанға әйгілі махаббат күмбезі Тәж Махал, Лотосхрам сынды сәулеттік жауһарлардың, терең қайнарлы би мен саздың, ғажайып үнді киносы мен жұпар иісті үнді шайының елі. Ол – “барлық халықтардың жүрегін біртұтас өмірдің ырғағында тоғыстырған” (Үндістанның “Халықтың жан жүрегі” мемлекеттік Әнұранынан) әр түрліліктегі бірлестіктің үлгісі.

Үндістан, Үндістан Республикасы — Үнді мұхиты алабында, Гималай тауларынан оңтүстікке қарай Оңтүстік, Оңтүстік-Батыс Азия елдерін Еуропа және Африкамен байланыстыратын маңызды теңіз және әуе жолдарының торабында жатыр. Батыс жағалаулары Араб теңізінің, шығыс жағалаулары Бенгал шығанағының суларымен қоршалған. Аумағы 3,3 млн. км² (Лаккадив, Андаман және Никобар аралдарын қоса есептегенде). Астанасы — Дели (Нью Дели) қаласы. Халқы 1 млрд. 400 млн. оның 72%-ы шығу тегі жағынан үнді-арийлер, 25%-ы дравидтер (негізінен оңтүстікте тұрады), 3%-ы — моңғол тектестер. Халқының 9/10 бөлігін ірі ұлттар: хиндустандықтар(31%-дай), бихарлықтар, бенгалдықтар, телугулар, маратхилер, тамильдер, гуджараттар, малаялилер, каннара, ориялар, пенджабдықтар, раджастхандар, ассамдықтар, кашмирліктер, т.б. құрайды.

Діни құрамы:

Тілдер

Ресми тілдері — хинди және ағылшын, сондай-ақ штаттарда 18 тіл ресми болып есептеледі. Халық Инд-Ганг ойпатындағы аудандар мен теңіз жағалауларында тығыз, солтүстіктегі таулы және шөлді аудандарда сирек қоныстанған. Халқы негізінен ауылды жерлерді мекендейді. Сондықтан табиғи өсімі жоғары. Қала тұрғындары халықтың 28%-ын құрайды.

Ірі қалалары: Калькутта, Мумбаи, Дели, Ченнаи (Мадрас), Бангалор, Ахмадабад, Хайдарабад, Пуна, Канпур, Нагпур, Джайпур, Лакхнау.

Әкімшілік бөлу

Үндістан — федеративті республика, құрамына 25 штат пен 7 одақтық аумақ кіреді. Мемлекет басшысы — президент. Заң шығарушы жоғарғы органы — президент және қос палатадан (халық палатасы мен штаттар кеңесі) тұратын парламент. Жоғарғы атқарушы органы — Министрлер кеңесі, оны премьер-министр басқарады.

Ұлттық мейрамдары: Республика күні — 26 қаңтар (1950) және Тәуелсіздік күні (15 тамыз).

Британ Достастығының құрамына кіреді, БҰҰ-ның мүшесі (1945). Ақша бірлігі — үндістан рупийі.

Табиғаты

Геология

Үндістан негізінен Үндістан түбегін, Гималай мен Қарақорымның бір бөлігін, Инд-Ганг жазығының шығыс бөлігін, Бенгал шығанағы мен Араб теңізінің бірнеше аралдар тобын қамтиды. Ел аумағының 3/4 бөлігі — жазықтар мен үстірттер. Үндістанды түгел дерлік Декан таулы үстірті алып жатыр (шығысқа қарай 900 м-ден 300 м-ге дейін аласарады). Теңіз жағалаулары негізінен аласа, құмдауыт, аз тілімденген. Кеме тоқтайтын қолайлы орындар аз, сондықтан көптеген ірі порттар өзендер жағасына (Калькутта) орналасқан немесе жасанды жолмен салынған (Мадрас). Батысында үстірт биіктеп, Батыс Гаттар тауын құрайды. Оның теңіз жағалауындағы беткейлері тік жарлы, шығыс жағы ірі өзендердегі (Кришна, Годовари, Маханади, т.б.) жазықтармен тілімденген. Батыс Гаттар тауы оңтүстікте Апаймалай, Кардамон тауларымен (ең биік жері — 2633 м) жалғасады. Солтүстік-батысында эрозиядан қатты бүлінген, қысқа, қатарлас қырқалардан құралатын ежелгі қатпарлы тізбек — Аравали таулары (биіктігі 1722 м-ге дейін) орналасқан. Декан үстірті солтүгінде Малва базальтты таулы жазығының жарлауыт шеті болып табылатын Виндхья тауларымен (ең биік жері — 881 м) шектеледі. Декан үстіртінің шығыс қиыр шетінде өзендермен жеке массивтерге бөлшектенген Шығыс Гаттар таулары (ең биік жері — 1680 м) орналасқан. Үндістан түбегінің солтүстігіне қарай аллювийлі Инд-Ганг жазығы жатыр. Оның солтүстігінен бастап үш тік құз баспалдақ түрінде дүние жүзіндегі ең биік таулы жүйелер — Гималай таулары мен одан солт-ке қарай Қарақорым көтеріледі (ең биік жері — Гималайдағы Нангарпарбат тауы — 8126 м). Гималайдың бұл баспалдақтары — Сивалик таулары (800 — 1200 м), Кіші Гималай (2500 — 3000 м), Үлкен Гималай (5500 — 6000 м, одан да биік) бір-бірінен тауаралық қазаншұңқырлар тізбегімен бөлінген. Үлкен және Кіші Гималайлардың жер бедері альпілік формада, өзендермен терең бөлшектенген. Тас көмір, темір кентастары, марганец, хромит, боксит, алмас кен орындары бар.

Климат

Климаты негізінен тропиктік, солтүстігінде тропиктік муссондық. Үндістан егіншілігі үшін орасан рөл атқаратын жазғы ылғалды муссон кезінде жауын-шашынның 70—90%-ы түседі. Қысы құрғақ әрі салқын, наурыз айынан мамырға дейін құрғақ, ыстық маусым басталады. Қаңтардың орташа температурасы солт-тегі 15°С-тан оңт-тегі 27°С-қа, мамыр айында 28°С-тан 35°С-қа дейін жетеді. Инд-Ганг жазығының батысындағы жылдық жауын-шашын мөлш. 100 мм-ден кем болса, Деканның орталық аудандарында 300—400 мм, Шығыс Гималай мен Гаттардың сыртқы беткейлерінде 3000—6000 мм-ге, Шиллонг таулы жазығындағы (Жер шарындағы құрлықтың ең ылғалды орны) Черапунджиде 12000 мм-ге дейін жетеді. Еріген қар, мұздықтар мен жауын-шашын суымен толығатын Гималайдан басталатын өзендердің суы жыл бойы мол болады. Декан үстіртіндегі өзендер ағыны муссондық маусымға байланысты өзгеріп отырады, маусымнан қазан айына дейін суы молаяды. Барлық ірі өзендерде жазда су деңгейінің шұғыл көтерілуі байқалып, тасқын жиі болып тұрады.

Гидрология

Неғұрлым ірі өзендері: Ганг, Инд, Брахмапутра, Годавари, Кришна, Нарбада, Маханади, Кавери. Олардың көпшілігінің егіншілік үшін маңызы зор. Ірі көлдері аз, олар негізінен шығу тегі мұздық немесе тектоникаллық таулы аудандарда орналасқан. Ең үлкені — Кашмир жазығындағы Вулар көлі. Өзендерінің кейбіреулерінде кеме қатынасы бар.

Жануарлар және Өсімдіктер әлемі

Тавускус̧у олан Хиндистан'ıн улусал кус̧

Декан үстірті мен Инд-Ганг жазығының табиғи өсімдік жамылғысы күшті өзгерген, саванналар, ксерофитті сирек ормандар басым, кей жерлерде жапырағы түсетін ормандар бар. Солтүстік-батыста бұталар өскен шөлейттер мен шөлдер басым. Батыс Гаттардың желді беткейлерінде, Ганг мен Брахмапутра атырауында, Шығыс Гималайдың тауалды аймақтарында мәңгі жасыл тропиктік ормандар, Гималайдың етегінде — тераилар (батпақтанған джунглилер), одан жоғарырақта — муссондық, аралас және қылқан жапырақты ормандар, тау шалғындары өседі. Ормандар ел аумағының 1/4-іне жуығын алып жатыр.

Негізгі ұлттық саябақтары: Казиранга, Гир орманы, Манас, т.б. Көптеген резерваттар бар.

Үндістанның жануарлар дүниесі басқа Азия елдерінен ерекше. Сүтқоректі жануарлардан маймылдар (макакалар, гиббондар), бұғылар (теңбіл, замбар және қара), киіктер, өгіздер (гаур, ергежейлі және үнді буйволдары) тіршілік етеді. Үнді пілі, жолбарыс, қабылан, гималай аюы кездеседі. Арыстан, леопард, Кашмир бұғысы түгелге дерлік жойылған. Үндістанда құстар, қосмекенділер, жыландар мен балықтардың көптеген түрлері тіршілік етеді.

Тарихы

Археологиялық ескерткіштер Үндістанда тас ғасыры кезеңінің өзінде-ақ адамзат қоғамының өмір сүргенін дәлелдейді. Бұл дәуірдің қабаттарынан шелль-ашель мәдениетіне жататын тас құралдар табылған. Инд өзенің жазығынан табылған қола мәдениетінің қалдықтары б. з. б. 3-мыңжылдықтың бас кезіне жатады. Инд жазығындағы ежелгі мәдениеттер б. з. б. 3-мыңжылдықтың 2-жартысынан б. з. б. 2-мыңжылдықтың 1-жартысына дейін, Гуджтаратта бұдан да бұрынырақта пайда болған деп есептелінеді (Хараппа мәдениеті). Б. з. б. 2-мыңжылдықтың 2-жартысында Үндістанға арийлер келіп, алғашында Пенджабты, соңынан Ганг жазығын мекендеді. Ежелгі үнді діни мадақтау жырлары мен жадылау өлеңдерінің жинағы — ведалар арий тайпаларының өмірін суреттейді. Арийлер мал, егін өсірумен айналысып, әр түрлі қолөнерді меңгерді, сауда-саттық жүргізді. Б. з. б. 1-мыңжылдықтың 1-жартысында Солтүстік Үндістанда бірнеше құл иеленуші мемлекеттер пайда болды. Бұл кезеңнің тарихы аз зерттелген. Б. з. б. 6 ғасырдағы құл иеленуші мемлекеттердің көпшілігі Солтүстік Үндістанның шығыс бөлігінде, Ганг мен Джамна өзендерінің алаптарында орналасты (Анга, Магадха, Вриджи, Каши, Кошала, Панчала, Ватса, Куру, т. б. мемлекеттер). Олардан солтүстік-батысқа және оңтүстікке қарай орналасқан Гандхара, Аванти, т. б. мемлекеттер жөнінде деректер аз сақталған.

Бұл құл иеленуші мемлекеттердің халқы 4 топтан құралды:

Олардың алғашқы екеуі артықшылық жағдайда болды. Патша қазынасына егіншілер түскен өнімнің 1/6—1/12 бөлігін берді. Патша сондай-ақ қолөнершілер еңбегін пайдалану (айына 1 күн), әр түрлі алым-салықтар жинау құқығына ие болды. Егіншілер рулық және көршілік қауым болып өмір сүрді. Құлдардың еңбегі негізінен үй ш-нда пайдаланылды. Б. з. б. 6—4 ғасырларда қол жеткен экон. прогресс ежелгі үнді қоғамы өмірінің жағдайларына айтарлықтай өзгерістер енгізді. Тауар-ақша қатынастарының дамуы құлдықтың таралуына жағдай жасады. Әлеум. қарама-қайшылықтардың өсуі діни-сектанттық қозғалысты туғызды, олардың ішінен буддизм мен джайнизм ерекшеленді. Б. з. б. 4 ғасырдың ортасында Нанд әулеті билеген Магадха мемлекетіне Ганг жазығы түгел бағынды. Инд өз. жазығының бір бөлігін Ахемен әулеті жаулап алды. Б. з. б. 327325 жылы Үндістанға Александр Македонский әскері баса-көктеп кіріп, Биас өзендеріне дейінгі жерді иеленді. Магадханың көршілес аймақтарды басып алуы Маурья әулеті тұсында да жалғаса берді. Ашок патшаның кезінде Маурья әулеті Үндістанға түгелдей дерлік, қазіргі Ауғанстан аумағының бір бөлігіне өз биліктерін орнатты. Олар күшті әкімш. және әскери аппарат құрды. Бірақ ішкі қарама-қайшылықтар мен Үндістанға бактрия гректерінің баса-көктеп кіруі оларды әлсіретіп жіберді. Б. з. б. 2—1 ғасырларда Солтустік Үндістанда грек-бактриялықтар, парфиялықтар мен шактардың көптеген әулеттері билік жүргізді. Осы кезде Деканда Сатавахандар мемлекеті күшейе бастады. Б. з. б. 1 ғасырда Солтүстік Үндістанның көпшілік бөлігі Кушан патшалығының билігіне көшті. 1—3 ғасырларда Үндістан Риммен қызу сауда жүргізді. Шығыстағы елдермен, Қытаймен сауда қатынастары кеңейді. 6—12 ғасырларда Үндістанда көптеген ортағасырлық мемлекеттер өмір сүрді. Олардың арасында үздіксіз соғыс жүрді. 8—10 ғасырларда Солтүстік Үндістандағы мемлекеттердің неғұрлым ірілері — Палдар мен Гурджара-Пратихарлар мемлекеттері еді. 8 ғасырдың басында Синдіні арабтар жаулап алып, елге ислам діні тарай бастады. 11 ғасырдың бас кезінде Үндістанның солтүгіне Ғазнауи сұлтандығының билеушісі — Махмұд Ғазнауи бірнеше рет жорық жасап, Пенджабтың біраз бөлігін бағындырды. 12 ғасырдың соңы — 13 ғасырдың бас кезінде Солтүстік Үндістанды Гурлар мемлекетінің билеушісі — Мұхаммед жаулап алды. Ол қайтыс болғаннан кейін оның Ганг жазығындағы жергілікті билеушісі өзін тәуелсіз деп жариялап, астанасы Дели болған өз мемлекетін құрды (қ. Дели сұлтандығы). Кришна өзеннен оңтүстікке қарай 14 ғасырдан 17 ғасырдың 1-жартысына дейінгі аралықта үлкен мемлекет — Виджаянагар өмір сүрді. 1565 жылы Виджаянагар билеушісі Кришна өзеннің жағасында Декан мұсылман одағынан жеңіліп, патшалығы ыдырап кетті. 17 ғасырдың ортасына таман бірнеше дербес князьдіктер құрылды (Мадура, Майсур, т. б.).

Колониалдық дәуiр

15 ғасырдың соңында Үндістанда алғашқы еуропа отаршылар — португалдар пайда болды. 16 ғасырдың 1-жартысында олар теңіз жағалауларындағы бірқатар пункттерге (Гоа, Даман және Диу, т. б.) бекініп, Үндістанның теңіз саудасына бақылау орнатты және басып алынған аумақтағы халықты отаршылдық езгіге түсірді. Ал солтүстік Үндістанды Ұлы Моғолдар империясы біріктірді (қ. Моғолдар әулеті, Бабыр).

Британдық Үндістан

17 ғасырдың бас кезінде Үндістанда ағылшындық Ост-Үндістан мен голландтық Біріккен Ост-Үндістан компаниясы (1600, 1602 жылы құрылған) түрінде еур. сауда капиталы пайда болды. Олар португалдардан Үндістанмен теңіз саудасын жүргізу монополиясын тартып алып, елде факториялар сала бастады (Үндістандағы бірінші ағылшын факториясы 1613 жылы Суратта пайда болды). 17 ғасырдың 2-жартысында француздық Ост-Үндістан компаниясының (1664 жылы құрылған) сауда факториялары ашылды. Үнді көпестерінің көмегімен ағылшындар, голландықтар мен француздар үнді өндірісінің тауарларын сатып алып, оларды Еуропаға ғана емес, Иран, Индонезия, Жапония, Қытай, т. б. елдерге жеткізді. Ұлы Моғолдар империясы билеушілерінің арасындағы өзара үздіксіз жүргізілген тақ таласы ағылшын және француз Ост-Үндістан компанияларының Үндістанға сауда экспансиясымен қатар әскери экспансияға да көшуіне қолайлы жағдайлар туғызды. Ұлыбритания мен Франция Үндістан рыногы үшін өзара күрес жүргізді. 1746 — 1763 жылдары үздіксіз жүргізілген соғыстың нәтижесінде Оңтүстік Үндістанда ағылшындар өз қарсыластарын толық талқандап, Бенгалияны жаулап алды, Карнатик пен Аудты тәуелділікке түсірді. 1767—1799 жылдары Оңтүстік Үндістанның елеулі бөлігі ағылшындық Ост-Үндістан компаниясының иеліктеріне қосылды. Майсур, Хайдарабад шекараларына ығыстырылған ұсақ князьдіктер ағылшын бодандығын мойындады. Делиден айрылған (1803) Ұлы Моғолдар империясы ағылшындық Ост-Үндістан компаниясына бағынышты болды. 17751818 жылдары ағылшын отаршылдары Пешва мемлекетін жойды, 1814—1826 жылдары Гималай тауларының оңтүстік баурайы мен Ассам, 1843 жылы Синд, 1845 — 1849 жылдары Пенджаб қосылып алынды. Ағылшындардың отаршылдығы Үндістанның экономикалық және әлеуметтік дамуына кері әсер етті. Үнді қолөнері бұйымдарын төмен бағалармен сатып алу мен оларды Еуропа рыноктарында сату — отарлық қанаудың қайнар көздерінің бірі болды. Ұлыбритания билеуші топтарының арасында Үндістанды отарлық езгіге түсіруге ұмтылушылық жолындағы күрес Ост-Үндістан компаниясын ағылшын парламентінің бақылауына алатын заң қабылдаумен аяқталды (1773). 1774 жылы Үндістанда ағылшын генерал-губернаторы тағайындалды. 1813 жылы Ост-Үндістан компаниясы Үндістанмен сауда жүргізу монополиясынан айрылып, 1833 жылы сауда ұйымы ретінде жойылды. Үндістанға ағылшын өнеркәсіптік бұйымдары әкелініп, жергілікті ауыл шаруашылық шикізатын метрополияға тасу басталды.

Үндістан біртіндеп Ұлыбританияның аграрлы-шикізаттық отарына айналды. Отарлық езгі Үндістан халқының қарсылығын туғызды. 18 ғасырдың 70-жылдарынан бастап елдің әр түрлі аймақтарында ұлт-азаттық көтерілістері басталды. Отаршылдыққа қарсы жаппай қозғалыс діни формаларға да ие болды (саньяси, уаххабшылар). Алғашқы үнді саяси ұйымдары пайда болды. Ағылшын капиталы экспорт пен импортты, ішкі сауданың бір бөлігін сауда үйлері мен банкілер жүйесі арқылы бақылап отырды. Темір жолдар және суландыру жүйелері салынып, шай плантацияларының негізі қаланды. 19 ғасырдың ортасынан бастап Үндістан ұлттық қозғалысы күшейді. Отарлық езгіге қарсы, әсіресе, Джамна-Ганг өзен аралығы мен Бенгалияның халқы қатты қарсылық көрсетті (1857—1859). Ол елдің орталығын да қамтыды. Көтерілістен кейін 1858 жылы Үндістан британ тағының тікелей бақылауына көшті . 1855 жылы Бомбейде үнді ұлттық идеяларының ортылығы ретінде Үндістан ұлттық конгресі құрылды. 1909 жылы үнділіктер заң шығару кеңесі мүшелерін сайлау құқығына ие болды. Бірақ жергілікті халық үнділер және мұсылмандар болып екіге бөлінді.

1920 — 1922 жылдары Махатма Ганди Үнді ұлттық конгресіне басшылық жасап, азаматтық бағынбау науқанын басқарды. Бұл науқанның негізгі мақсаты — өзін-өзі толық басқару құқықтарын талап ету еді. 1935 жылы “Үнді актісі” бойынша үнділіктерге федералдық заң шығарушы органдарды басқару құқығы берілді, бірақ қорғаныс пен халықар. қатынастар мәселесі вице-король әкімшілігінің қарауында қалдырылды. 1940 жылы Мұсылман лигасы Үндістанды әр түрлі діндердің өкілдері көп орналасқан аумақтардың шекаралары бойынша бөлшектеуді талап етті.

Тәуелсіз Үндістан

Неру және Ганди 1937жылы
Неру және Ганди 1937жылы

1947 жылы үздіксіз қанды қақтығыстардан соң британдық Үндістан екі тәуелсіз доминионға — Үнді одағы (индуистер) мен Пәкстанға (мұсылмандар) бөлінді. Тәуелсіз Үндістанның бірінші премьер-министрі болып Үнді ұлттық конгресі партиясының өкілі Джавахарлал Неру сайланды. 1950 жылы Үнді одағысіз Үндістан Британ достастығы құрамындағы Үндістан Республикасына айналды. 1962 жылы Қытай арада шекара жөнінде қысқа мерзімдік соғыс болып, Үндістан жеңіліс тапты. 1965 жылы Үндістан Пәкстанмен соғыста Кашмирді өзіне қалдырды. 1966 жылы сайлауда премьер-министр болып Дж. Нерудың қызы Индира Ганди сайланды. 1971 жылғы соғыста Үндістан Пәкстанды жеңіп, Шығыс Пәкстанға тәуелсіздік алуға көмектесті. Шығыс Пәкстан өз атауын Бангладеш деп өзгертті. 1984 жылы үкімет әскерлері Амритсардағы Алтын храмды сикх күштерінен тазартты. Көп ұзамай қаза тапты. Оған өштескен сикх оққағары көп ұзамай Гандиді атып өлтірді. Премьер-министр болып Гандидің ұлы Раджив Ганди тағайындалды. Ол да 1991 жылы сайлау науқаны кезінде адам өлтірушілердің қолынан қаза тапты. 1998 жылы Үндістан бес жер асты ядролық сынағын өткізді. Бұл дүниежүз. бейбітшілік күштерінің наразылығын тудырды. 1999 жылы Үндістан ядролық сынақтарды тоқтату жөніндегі жан-жақты келісімге қол қоюға уәде берді. Кашмир жөнінде бейбіт келіссөздер өткізуге Пәкстан үкіметіне ұсыныс жасалды.

Қазақстанмен қатынастары

Қазақстан Республикасы мен Үндістан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылдың 23 ақпанынан бастап орнатылған. 1992 жылы мамыр айында Алматыда Үндістан Республикасының, ал 1993 жылы қараша айында Делиде Қазақстан Республикасының елшілігі ашылды. 1992 жылы ақпанда Президент Н.Ә. Назарбаев Үндістанға бірінші ресми сапарын жасады. Сапар барысында мемлекетаралық қатынастардың негізгі қағидалары мен бағыттары жөніндегі декларацияға, дипломатиялық қарым-қатынастар орнату жөніндегі протоколға, сауда-экономикалық қатынастар, ғылым мен технология, мәдениет, өнер, білім, ақпараттық құралдар мен спорт салаларындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімдерге қол қойылды. 2002 жылы 11 — 15 ақпанда Н.Ә. Назарбаев Үндістанға кезекті сапармен барып қайтты. Онда Қазақстан — Үндістан Бірлескен декларациясына қол қойылды. Жауап ретінде Үндістан басшылығы да бірнеше рет Қазақстанға ресми сапармен келді. Қазақстан мен Үндістан арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техикалық, өнеркәсіп пен мәдени ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық Қазақстан Үндістан Біріккен комиссиясы құрылған. Ол әр түрлі салалардағы екі жақты ынтымақтастықты тереңдету мен дамытудың маңызды құралы болып отыр. Екі елдің арасындағы тауар айналымы соңғы жылдары үздіксіз өсіп келеді. 2005 жылы оның деңгейі 120,8 млн. АҚШ долларын құрады (экспорт — 19,9 млн. доллар, импорт — 100,9 млн. доллар). Қазақстандағы мед. жоғары оқу орындарында 400-ден астам үндістандық студенттер білім алуда. 2002 жылы ақпанда Делиде Абай көшесі салтанатты түрде ашылды. Сол жылдың маусым айында Алматы қаласындағы көшелердің біріне Махатма Гандидің есімі берілді.

Экономикасы

Бомбаы Борсасı

Үндістан — аграрлы-өнеркәсіпті ел. Экономикасы көп құрылымды. Тәуелсіздікке ие болғаннан кейінгі уақыт ішінде Үндістан бұрынғы отардан экономикалық жағынан қуатты елдердің қатарына қосылды. 1961 жылы басталған реформа өз жемісін берді. Қысқа мерзім ішінде ауыр және жеңіл өнеркәсіп, станок жасау салалары құрылды. Атом, ғылым мен ғарыш техникасы, ауыл шаруашылығы мен энергетика салаларында үлкен нәтижелерге қол жеткізілді. Экономикадағы табыстар ішкі және жалпы жиынтық өнімнің мөлшері бойынша Үндістанға әлемдегі алғашқы он елдің қатарына қосылуына мүмкіндік берді. Салық жүйесіне өзгерістер енгізу, банк-қаржылық секторға бақылауды күшейту, мемлекеттік бюджет зәрулігін қысқарту, экономикадағы өнеркәсіп саласын реттеу мен нарықтық қатынастарға бейімдеу, сауда-тариф жүйесіне өзгерістер енгізу, т.б. шаралар жүзеге асырылды. Инфляцияға қарсы саясат табысты жүргізілді. Үндістан экономикасына тән көрсеткіш — шетелдік инвестицияларды мол тарту болып табылады. 19912001 жылы ел экономикасына тікелей салынған шетелдік инвестициялардың көл. 23,6 млрд. АҚШ долларын құрады. Оның көпшілік бөлігі экономикалық даму процесін айқындайтын экспортқа бағытталған жоғарғы технологиялық салаларды дамытуға жұмсалды. Негізгі табиғи ресурстары: тас көмір, темір, мыс, хром кентастары, боксит, алтын, марганец, мырыш, қорғасын, мұнай, табиғи газ, алмас. Ауыл шаруашылығына жарамды жерлердің 55,9%-ы (1995) егіншілік үшін жыртылады. Күріш, бидай, тары, майлы дақылдар, кофе, шай, қант құрағы, мақта өсіріледі. Қрі қара мал, ешкі, қой, шошқа, түйе, құс өсіру дамыған. Сыртқа шай (дүние жүзінде бірінші орын алады), кофе, балық, темір мен болат, тері, тігін бұйымдарын, киім-кешек, асыл тастар, қолмен тоқылған кілемдер, күрделі техника, химия өнеркәсібі өнімдерін шығарады. Сырттан ауыр машина жасау өнімдерін, минералдық отын мен майлар, маржан, қымбат, жартылай қымбат тастар, химия өнеркәсібі өнімдерін, көліктік құрал-жабдықтарын алады. Еңбек ресурстарының 64%-ы ауыл шаруашылығына, 16%-ы өнеркәсіпке қамтылған (1990). Ұлттық табыстың жан басына шаққандағы жылдық мөлш. 1650 АҚШ долларына тең (1997). Негізгі сауда серіктестері: АҚШ, ТМД елдері, Ұлыбритания, Германия. Қазір Қазақстанда үнді компаниялары мен фирмаларының 30-дан астам өкілдіктері жұмыс істейді. Үндістанның “Испат Интернэшнл” компаниясы Қарағанды металлургия комбинатын, бірқатар көмір кеніштері мен электр энергиясы нысандарын өз басқаруына алды. “Аджанта-Фарма” Қазақстан — Үндістан бірлескен кәсіпорны Алматы қаласында фармацевтика затты құрылысын жүргізуде.

Мәдениеті

Ежелгі үнді мәдениеті

Ежелгі дүниедегі ән мен жырға өте бай ел Үндістан.Бізге өте ерте кездердегі үнділіктердің өмірі мен тұрмыс салтынан хабар беретін бірнеше жыр дастан келіп жетті: "Махабхарата", "Раяана". Бұл екі жырларда да жақсылық пен жамандық арасындағы күрес сипатталып, ақырында әділеттілік жеңіп шығады. Бұл жас ұрпаққа мәнді тәрбие береді,.

Ману заңдары

Тек үнділіктерде ғана емес, бүкіл ежелгі дүние елдерінің мәдени даму дәрежесінің тамаша жетістіктерінің бірі Ману заңдары болып табылады. Оны үнділіктер бүкіл адамзаттың арғы атасы деп есептелінетін Ману жазды деп есептелінеді. Ману заңдарын оқи отырып ежелгі үнділіктердің шаруашылығы, басқару жүйесі, әлеуметтік жағдайы, әдет ғұрыптары туралы мәлімет ала аламыз. Заңда елді басқару жүйесі төмендегіше болу керек делінеді.Патша адамадардың ішіндегі ең қасиетті билеуші. Заң негізінде патша уәзірлерді, қалалар мен облыстардың хакімдерінен тағайындайды. Салық жинайтын ерекше қызметкерлер болды.

Будда діні

Ежелгі Шығыстың көптеген елдері сияқты үндістанда да алғаш әр түрлі құдайға сенушілік пайда болды. Солардың ішінде халықтан көп қолдау тапқан Брахма құдайы.Бұл дінді уағыздаушылар мен таратушылар брахмандар деп аталынды. Алайда, олардың тұйық топтарға бөлінуі мен өздерін жоғары қоюы патшаға да төмен топ өкілдеріне де ұнамады.Олар жаңа діндерді ойлап шығарды. Ең танымалы будда діні болды. Оны негіздеген Сиддхардһа атты ханзада болды. Ол жас кезінен адамдардың қайғы қасіреті туралы ойлайды. Нәтижесінде, биліктен бас тартып ел кезіп кетеді. Адамдардың қайғы қасиетінің шешімі қоғамдағы әділетсіздік пен жамандық кеніне көз жеткізген ол ел арасында өз ойын талқыға салады. Аса білгірлігі үшін ел оны Будда-"жарық сәулелі" деп атап кетеді. Сөйтіп будда ілімі мен ханзаданың өмір жолы туралы пікірлер жиналып үлкен дін, буддизм пайда болады.Буддизм дінінде адамдардың бақытсыздығы олардың дінінен болады делінген. Және де буддизм байлыққа немқұрайлы қарады. Буддизм адамдарды байлығыны, тіліне, ұлтына бөлмеді. Кейіннен оны уағыздаушылар көрші халықтар арасында да тарата бастады. Мысалы,Қытай, Жапон аралдары.

Өнер және білім негіздері

Бізге дейін жеткен ежелгі үнділіктер өнерінің тамаша туындылары діни сарайлар-храмдар болып отыр.Олардың екі түрі болған. Біріншісі-ашық жердегі тастан, кірпіштен ттұрғызылған храмдар. Екіншісі-үңгір ішіндегі храмдар. олардың екеі де түрлі түсті бояулармен сәнделген, әсем де құдіретті етіп салынған. Үнділік шеберлер тастан, күйдірілген қыштан әр түрлі мүсіндер жасады. Ауа райындағы жиі болатын өзгерістер, шаруашылық қажеттері жұлдызнамашылық пен есептеу бағытындағы білімді жетілдірді. Үнділіктердің жыл санауы бойынша, бір жыл 360 күнге, ол 12 айға, әрбір ай 30 күнге бөлінді. Б.з V-VI ғасырларында үнді оқымыстылары жердің шар тәрізді кенін біледі.Және де қазір біздер жазып жүрген сандарды арабтаросы үнділіктерден үйренген екен. Ежелгі үнділік кітаптарда әртүрлі аурулардың аты кездеседі. Мәселен, сары ауру, буын ауруы, бас ауруы, алапес және т.б. Үнділіктердегі емдеу бақсылықпен қатар жүрген.[5]

Әдебиеті

3 мың жылдан астам уақыт бойы өз дәстүрлері қалыптасқан үнді әдебиеті санскрит тілінде жазылған, лирика, эпос пен драманың негізі қаланған діни мадақ жырлар — ведалардан басталады. Шамамен б. з. б. 6—5 ғасырларда ауыз әдебиетінде аса көлемді эпик. поэма — “Махабхарата” мен “Рамаянаның” негізі пайда болып, б. з. алғашқы ғасырларында санскрит тілінде түпкілікті қалыптасты. Б. з. б. 1-мыңжылдықтың 2-жартысында пали мен кракритах тілінде діни дидактика мен ауыз әдебиеті сюжеттері үйлескен буддалық әдебиет туды. Б. з. б. 4—3 ғасырларда елдің дравидтік оңт-нде ежелгі туындыларының (“Он жыр”) дүниеауи сипаты басым болған өзіндік драма-тамиль әдебиетінің негізі қаланды. Санскрит тілінде жазылған халық ертегілерінің жинағы — “Панчатантра” (б. з. 3—4 ғасырлар) повесть жанрының бастамасы болды. Жаңа заман шебінде жеке шығарм-қа көшу байқалып, дербес әдеби түрлер мен формалар қалыптасты: Халаның пракриттік лирикасы (шамамен 4 ғасыр), Ашвагхошидің (шамамен 2 ғасыр), Бхасаның (4 ғасыр) санскриттік драмалары, тамиль-лиро-эпостық поэзиясы (мыс., авторы Иланго Адигаль болып есептелетін “Білезік туралы повесть”, 7—9 ғасырлар). Калидаса (шамамен 5 ғасыр) мен Дандиннің (6 — 7 ғасырлар) санскриттік мифологиялық мазмұнындағы шығарм. өзінің діни реңін бүтіндей жоғалтып, адамгершілік идеяларды білдірудің құралына айналды. Драмалық тамиль әдебиетінің шыңы дана билеушінің мүлтіксіз тұлғасын суреттеген ТируваллурдыңТирукурал” атты қанатты сөздер кітабы (4—5 ғасырлар) болып табылады. Шамамен 7 ғасырдан бастап санскрит және тамиль тілдеріндегі әдебиеттермен қоса дравид және жаңа үндіарийлік тілдердегі әдебиеттер пайда болды. Кейінірек кашмир әдебиеті мен синдх әдебиетінің, сондай-ақ пушту тіліндегі үнді әдебиетінің негізі қаланды. Мұсылман ақсүйектері билеген мемлекеттердің құрылуы мен ислам дінінің кең таралуы үнділік парсы тіліндегі әдебиеттің қалыптасуына себеп болды: Әмір, Хұсрау Дехлеви (12531325), Мырза Бедил (16441721), т. б. Үндістан халықтарының көпғасырлық шаруашылық, саяси және мәдени байланыстары Үндістандағы әдеби процестің бірлігіне негіз қалады. 15—17 ғасырлардағы әдебиеттің гүлденуіне билеушілерге қарсы діни ұрандармен өткен бхакти қозғалысы үлкен әсер етті. Санскриттік ережелерден бас тартқан жазушылар ауыз әдебиеті үлгілерін жыр жолдарына түсіруге бейімделді: канна ақыны Пурандарадаса (ш. 14801564), бенгалдық Чондидаш (14—15 ғасырлар), хинди тілінде жазған ақындар: Кабир (15—16 ғасырлар), Сурдас (ш. 14831563), т. б. 17 ғ-дағы халық көтерілістері бостандық жыршылары — маратхи Тукарамаға (1608—49), Рамадасқа (1608—81), пенджабтық Говинда Сингхтарға (16661708) рух берді. Үндістанды Ұлыбританияның жаулап алуы 18 ғасырда үнді әдебиетінің құлдырауына және дағдарыстық сарындардың күшеюіне ықпал етті. Алайда 19 ғасырда, әсіресе, 2-жартысында Үндістан әдебиетінде ағартушылық идеялар пайда болды. Ағартушылық реализм бенгал және басқа да әдебиеттерде әшкерелеуші әлеум.-тұрмыстық романның дамуына ықпал етті [бенгал жазушысы Перичанд Миттроның (1814—1883) “Дәулетті үйдің еркесі” атты шығармасы, т. б.]. Романтизм тарады (бенгал жазушысы Б.Чоттопадхайдың тарихи романдары). Драматург Д.Миттроның (1829 — 74) шаруалардың ағылшын плантаторларының тәлкегіне қарсы наразылығын суреттеген “Индиго айнасы” (1860) пьесасы отаршылдыққа қарсы үндеу болды. 20 ғасырдағы үнді әдебиетінде ұлттық тәуелсіздік үшін күрес басты тақырыпқа айналды. 30-жылдардың ортасында мақсаттары әдебиетті дәйекті түрде демократияландыру, оны өмірге жақындата түсу болған алдыңғы қатарлы жазушылардың қозғалысы басталды. 1936 жылы Премчандтың (18801936), М.Р. Анандтың, Саджад Захирдің бастамасымен Үндістанның алдыңғы қатарлы жазушыларының қауымдастығы құрылды. Әдебиетке ұлт-азаттық күрестегі үстем болған идеол. ағым — гандизм терең ықпал етті. Сыншыл реализм дамуының жоғары сатысы Премчанд пен Р. Тагордың (18611941, Нобель сыйлығы, 1913) шығармасы болып табылады. Урду және парсы тілдерінде жазған М.Икбал (18771938) поэзиясы ерік-жігері мол, бастамашыл, жасампаз адамды мадақтады. Саяси поэзия мен махаббат лирикасын урду ақыны Х. А. Вафа (1900—36) дамытты, бенгал жазушысы Г.Халдардың романдары, хинди тілінде жазған Яшпалдың прозасы мен публицистикасы ерекшеленді. Үндістанның тәуелсіздікке ие болуы (1947) алдыңғы қатарға әлеум. тақырыпты шығарған озық әдебиеттің дамуына ықпал етті. Хинди ақыны Д.Бхарати, маратхи ақындары Б.С. Мардхекар (1907 — 56) мен Ш.Муктибодханың шығармаларында көркемдік жаңа құралдар мен түрлерді іздестіруге ұмтылу байқалды. Отаршылдықтың салдарын жою мен экономиканы көтеру жолындағы күрес бұрыннан артта қалып келе жатқан бірқатар әдебиеттердің дамуына және жаңаларының қалыптасуына әсер етті (майтхили, бходжпури, догри, т.б.). Үндістандағы жергілікті тілдердегі әдебиеттермен қатар ұзақ уақыт бойы мемлекеттік мекемелер мен жоғары білім берудің негізгі тілі болып келген ағылшын тіліндегі үнді әдебиеті де дамыды. Алғашқы ағылшын тілді ақындардың (В.Деразио, 1809 — 31; К.Гхош, 1809 — 73; Т.Датт, 1856—77) өлеңдерінен ағылшын романтизмінің ықпалы байқалады. 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басындағы поэзияда (Ауробиндо Гхож, 18721950; С.Найду, 18791949; Х.Чаттопадхая, т. б.) Үндістанның ұлттық тәуелсіздігіне шақыру басым болды. 20 ғасырда ағылшын тіліндегі проза туды, оның көрнекті өкілдері М. Р. Ананд, Р. К. Нараян, Х.Чаттопадхая, т. б. болды. Үндістан мен Қазақстан әдебиетінің өзара байланыстары 20 ғ-дың 50-жылдарынан басталды. М.О. Әуезов 1955 жылы Үндістанға барған сапарынан алған әсерлері туралы “Үнді кездесулері” атты сапарнама-очерктер жинағын (1958, 1973), үнділік ұлы жазушы Тагор жөнінде “Тагордың кемеңгерлігі туралы” атты мақала жариялады (1961). Т. АхтановтыңҮндістан хикаясы” (1970), Ә.ӘлімжановтыңКөгілдір таулар” (1967) секілді үнді елі, әдебиеті жайлы кітаптар жарияланды. ӘлімжановқаОтырардан жеткен сый” мен үнді тақырыбына жазылған басқа да шығармалары үшін Үндістанның Дж. Неру атындағы Халықаралық сыйлыйлық берілді (1969). 1992 жылы мұндай сыйлыққа ақын А.Шамкенов те ие болды. 2004 жылы маусым айында белгілі қазақстандық журналист және ақын Ә.Нілібаевқа үнді эпосы “Махабхаратаны” қазақ тіліне аударғаны үшін Үндістанның жоғары мемлекеттік сыйлығы — “Падма Шри” табыс етілді. Ол 2005 жылы “Ригведа”, “Бхавагадгита” шығармалары мен Тагордың таңдамалы туындыларын қазақ тіліне аударып, 2006 жылы жеке кітап етіп шығарды. Дели қаласындағы Неру атындағы университет ғалымдары екі жақты ынтымақтастық бойынша хинди тілінде “20 ғасырдағы қазақ поэзиясының антологиясын” баспаға әзірледі. Осы жобаның шеңберінде 2003 жылы Делиде қазақ ақыны Ш.Сариевтің өлеңдер кітабы хинди тілінде жарық көрді. Үндістан әдебиетінен Ходжа Ахмад АббастыңҮнді перзенті” (1959), ПремчандтыңТхакур құдығы” (1958), ТагордыңКүйреу” (1958), “Әңгімелері” (1960), “Гәуірмаїан” (1964). Чандар КришнаныңЖел ана” (1972) кітаптары, ГандидіңТаңдамалы хаттары мен сөздері” (2006) қазақ тілінде жарық көрді.

Өнері

Үнді көркем мәдениетінің қайнар көздері Инд пен Ганг өзендерінің жағалауларында пайда болған өте ежелгі өркениеттерден басталады. Жоғары дамыған Хараппа өркениеті (б. з. б. 3-мыңжылдықтың ортасынан 2-мыңжылдықтың ортасына дейін) кезеңіне Сангхол мен Лотхал тәрізді ірі қалалар жатады. Оларға бірыңғай жоспарлау, жолға қо-йылған сумен қамтамасыз ету және құбыр жүйесі, күйдірілген кірпіштерден салынған көп қа-батты құрылыстар, шомылуға арналған қоғамдық бассейндер тән. Б. з. б. 2-мыңжылдықтың ортасынан 1-мыңжылдықтың ортасына дейінгі Солтүстік Үндістанмәдениетіне әдеби деректер мен неғұрлым кейінгі кезеңдерге тән мүсіндік және көркемсуретті бейнелер бойынша баға беруге болады. Құрылыстар ағаштан, саз бен құрақтан салынды. Олардың формалары мен типтері (жартылай шар немесе конустық күмбездері бар дөңгелек үй, ағашпен жабылған қоғамдық жиналыстарға арналған зал типті ғимараттар, т.б.) келесі ғасырлардағы тас храмдар мен басқа құрылыстар архитектурасының негізін қалады. Б.з.б. 1-мыңжылдықтың ортасында қалыптасқан құл иеленуші мемлекеттердің орталықтары — Матхура, Паталипутра, т.б. қалаларға бірыңғай жоспарлау тән болды. Бұл қалаларды қоныстану брахманизмнің қоғамның варналарға (әлеум. топтарға) бөлінетіні жөніндегі тұжырымына сай жүргізілді (дәулеттілер мен кедейлер кварталдары). Қалаларда қоныстанудың мұндай қағидасы Үндістанда кейінгі орта ғасырларға дейін сақталды. Үндістанда көркемдік дәстүрлердің берік сақталу себептерінің бірі — ежелгі заманнан бастап цехтық құрылыс ұйымдары — “шренилердің” өмір сүруі мен құрылыс ісі және қолданбалы өнердің заңдары мен ережелерінің бірыңғай жүйесі — “Шилпашастраның” қолданылуы еді. Үндістанөнері Жерорта теңіз мемлекеттері мен парсы мәдениетінің әсеріне ұшыраған қуатты құл иеленуші мемлекет — Маурья (б. з. б. 4—2 ғасырлар) құрылған кезде өзінің гүлдену шегіне жетті. Қалаларда қамалдардың, сарайлардың ірі кешендері тұрғызылды (Паталипутрадағы Ашок патшаның сарайы — б. з. б. 3 ғасыр). Будда дінінің таралуымен Ашок билік құрған жылдары храмдар — чайтьялар, чайтья мен пірадарлар жатақханасы — “вихару” бар монастырьлар, сондай-ақ мемориалдық құрылыстар мен бағаналар — стамбхалар жаппай салына бастады. Б. з. б. 2—1 ғасырларда Солтүстік Үндістандағы Шунга мен Декандағы Андхра құл иеленуші мемлекеттерінде өнер өзінің шарықтау шегіне жетті. Бұл кезеңге Бхаджи, Насика, Карли тауларындағы жартастарға қашалып салынған монастырьлардың ірі кешендері жатады. Үндістанның солтүстік мен ортталық аудандарында Гупталардың (4 — 6 ғасырлар) қуатты мемлекеті құрылуымен құл иеленушілік дәуір өнері өзінің соңғы гүлдену кезеңіне өтті. Осы кезде Будданың формасы кемеліне келген, барлық бұлжымас ережелерге сай мүсіндері (Сарнатхадағы құмсаздан, Султанганджадағы қоладан жасалған мүсіндер, 5 ғасыр) жасалды. 10—11 ғасырлардан бастап қалалар тез өсіп, храм құрылыстары кең қанат жайды. Храмдар неғұрлым салтанатты әрі әсем, көлемді, күрделі композициялы бола түсіп, мүсіндердің сәулет өнерімен бөлінбес бірлігі қалыптасты. 10—13 ғасырларда жергілікті сәулет өнері мектептерінің өзіндік ерекшеліктері көрінген бірқатар храмдар пайда болды. 12 ғасырдың соңы мен 13 ғасырдың бас кезінде Солтүстік Үндістанды мұсылман билеушілерінің басып алуы елге Орталық Азия, Таяу және Орта Шығыстың мәдени дәстүрлерін әкелді, ислам үстем дінге айналды. Басқаша құрылымдық элементтер (аркалар, күмбездер, шаңырақтар) мен құрылыс типтері (мешіттер, мұнаралар, медреселер, кесенелер) орнығып, сарай-бекініс ансамбльдерінің құрылысы бұрын болмаған гүлдену дәрежесіне жетті. Мұнымен қатар мүсін өнері мен бейнелеу өнерінің дамуына елеулі соққы берілді, өйткені исламның діни талаптары тіршілік иелерін бейнелеуге кедергі келтірді. Делиде үнді сәулет өнері белгілерін сақтаған Кутб-Минар мұнарасымен Кувват-уль-Ислам мешіті (1193 жылы салына бастады), күшті бекіністері бар қалалар: Сири, Джаханпанах, Туглакабад пен Фирозабад, Деканда Даулатабад (14 ғасыр) салынды. Ұлы Моғолдар империясының құрылуымен (1562) Үндістан өнері жаңа сатыға көтеріліп, өзінің ең гүлденген шегіне Акбардың тұсында жетті. Ол билік жүргізген жылдары (15561605) қала құрылысы мен қамал, бекіністік өнердің тамаша үлгілері жасалды: Аградағы бекініс, қала-бекініс Фатихпур-Сикри (1569—84) (бекініс сол қалпында осы кезге дейін сақталған), Аджмер (1570) мен Аллахабадтағы бекіністер]. Бірыңғай баумен қоршалған орталық — күмбездік кесененің классикалық типі қалыптасты (Делидегі Хумаюн кесенесі, 1565). Шах-Жаїанның (17 ғасыр) кезінде сәулет өнерінде әсемдік артып, қымбатшылыққа ұмтылу күшейді, мәрмәр мен бағалы тау жыныстары кең қолданылатын материалдарға айналды. Кесененің дәстүрлі формалары Аградағы Тәж-Махал мазарында кемеліне жеткізілді. 18 ғасырда жергілікті дәстүрді сақтаған Раджастхан өнері жоғары деңгейде дами берді. Солтүстік Үндістандағы мұсылман билеушілерінің үстемдігі кезеңінде дәстүрлі храмдық сәулет және мүсін өнері бұрынғыша брахман абыздары үстемдік еткен қиыр оңтүстікте ғана дамыды. Ескі храмдардың айналасына қақпа үстіндегі мұнаралар — “гопурамы” бар, мүсіндері мол қоршаулар тұрғызылды. Ғасырлар өткен сайын қоршаулар саны өсіп, храм кешені ашық галереялы көп бағаналы аулалар — мантапамы мен шомылуға арналған бассейндерден құ-ралған бекіністі қалаға айналды (Чидамбарамдағы, Рамешварамдағы, Мадураидегі храм кешендері). Бағаналардың үстіне секіріп тұрған жылқылар мен қиял-ғажайып кейіпкерлердің орасан мүсіндері орнатылды. Орта ғасырларда миниатюралық сурет өнері дамыды. Үнді миниатюрасының ертеректегі мектептерінің ішіндегі белгілісі — гуджарат мектебі (11—16 ғасырлар). 16 ғасырда миниатюраның моғол мектебі пайда болды. Тарихи шығармаларды көркемдеу, портреттік және жануарларды бейнелеу жанры тарала бастады. Моғол мектебінің көптеген дәстүрлері 16 — 17 ғасырларда гүлденген декан мектебіне үлкен ықпал етті. Үндістандағы ағылшындардың отаршылдық үстемдігі кезеңінде (18 ғасыр — 1947) еуропалық мәдениеттің ықпалы күшейіп, ұлттық мәдениет құлдырап кетті. Калькутта, Мадрас (Ченнаи), Бомбей сияқты портты қалалар тез өсіп, 17 ғасырдың өзінде-ақ ағылшындар бұл қалаларда өздерінің бекіністерін, доктары мен христиан шіркеулерін тұрғызды. Дамып келе жатқан өнеркәсіп орт-тары — жаңа қалалар, олармен бірге заводтар, вокзалдар, муниципалитеттер пайда болды. Жаңадан салынған қалаларда әкімш. ғимараттары орналасқан, көркейтілген, еңселі үйлері мен саябақтары бар еуропалықтар тұратын, жұмысшылардың лашықтары мен табыс түсіретін үйлер орналасқан, ретсіз құрылысты үнділік аудандар қалыптасты. Отаршылдық кезеңдегі қала құрылысының үлгісі — Нью-Дели болды. Оның көшелері геом. жағынан дұрыс жоспарланып, негізінен еңселі үйлер, үкімет ғимараттары тұрғызылды. 18 ғасырдан бастап 19 ғасырдың ортасына дейінгі әкімш., іскерлік, ғимараттар, жеке резиденциялардың архитектурасында ағылшын классицизмі, кейіннен жаңа готикалық формалар басым болды.

Музыка мен би

Үндістан халықтары — өте ежелгі, терең өзіндік ерекшеліктері бар музыкалық мәдениеттің мұрагерлері болып табылады. Оның қайнар бұлақтары халықтардың әр салалы еңбек және рухани қызметіне байланысты халықтық және ұжымдық әдет-ғұрыптардан басталады. Театр, музыка мен би өнері жөніндегі “Натья-шастра” (1 ғасыр) трактаты өзі жарық көргенге дейінгі заманда үнділіктерде өзіндік ерекшеліктері мол, қайталанбас, жоғары дамыған музыка жүйенің өмір сүргенін дәлелдейді. Үнді музыкасына суырып салмалық тән. Үндістанға Кіші және Орталық Азиядан келгендер орныққаннан кейін үнді музыка мәдениеті мұсылмандық Шығыстың музыкалық мұрасымен тығыз байланысқа түсті. Нәтижесінде үнділіктер мен мұсылмандардың дәстүрлі өнерін ұштастырған жаңа стиль пайда болды. Көптеген вокалдық стильдердің ішіндегі неғұрлым танымалдары: дхурупад (бастауын ежелгі храмдық ән айтудан алады), кхиял (дхурупадтың парсы музыкасымен бірігуі нәтижесінде кейінірек пайда болды). Сондай-ақ махаббат қуаныштары мен өкініштері жөніндегі әсем лирикалық ән-тхумри, негізін Пенджабтың халық әндері құраған лирикалық шығарма — таппа, Бенгалия халық музыкасының үлгілеріне жақын бхаджан мен киртан да кең тараған. Кәсіпқой музыка өз бастамасын фольклорлық үлгілерден алғанымен де, классик. және халықтық музыка жанрлары бір-бірінен елеулі түрде ерекшеленеді. Әр түрлі аудандардың халық әндері жергілікті ерекшеліктерге ие, оларға табиғи, шынайы сезімдік сарын, әлеум. реңк тән. Үндістан өз тәуелсіздігіне ие болғаннан кейін музыкалық мәдениеттің дамуына жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Музыка, би мен драма академиясы (“Сангит натак академи”, 1953) құрылды. 1954 жылдан үнді әндері жөніндегі конференция (“Сангит самелян”) өткізіліп келеді. Қазіргі заманғы Үндістанның музыка мәдени өміріндегі жаңа құбылыстардың бірі — үнді киносындағы музыка. Оның негізгі ерекшелігі — музыка өнерінің батыс және шығыс үлгілерінің үйлесімі болып табылады.

Театр мен кино

Халықтық театр қойылымдары өте ежелгі заманда пайда болып, әр түрлі әдет-ғұрыптар, ойындар мен билер орындаудан құралады. Халықтық театрдың көптеген формалары шамалы ғана өзгерістермен осы уақытқа дейін келіп жетті. “Рамаяна”, “Махабхарата” эпик. поэмаларының мазмұнын сахнада бейнелеу көпшілік халықтық театрлық қойылымдардың негізі болып табылады. Мұндай театрларда өнер көрсететін актерлердің мәнерлеп оқу, би, пантомима, әншілік, кей жағдайда цирк артисінің шеберлігінен хабары болуы керек. Үнді халықтық театрларының спектакльдерінде сюжеттің біраз бөлігі актерлердің ойнымен ғана емес, әңгімелеу арқылы да түсіндіріледі. Арнайы сахналық алаңның, декорация мен құрал-жабдықтардың мол болуы да шарт емес. Дәстүрлі театрдың ең жарқын әрі көркемдік құралдарының бірі — бидің көптеген стильдері мен жергілікті түр өзгерістерінің болуы (бхарат-натьям, катхакали, катхак, манипури). Классикалық үнді драмасы мен театрының гүлденуі 4—6 ғасырлардағы Бхаса, Калидаса, Шудракилердің шығарм-мен байланысты. 19 ғасдың 2-жартысында еур. үлгідегі театрлар, бенгал, хинди, маратхи тілдеріндегі драмалық шығармалар пайда болды. 1795 жылы Калькуттада бенгал артистерінің алғашқы труппасы құрылды. 1872 жылы драматург Г.Гхош үнді қоғамының көпшілікке үлкен әсер еткен Ұлттық театрдың негізін қалады. 20 ғасырдың 60-жылдары Үндістанда 30-дан астам кәсіби театр ұжымы жұмыс істейді.

Үндістанда алғашқы фильм 1913 жылы түсірілді (“Раджа Харишчандра”, реж. Д.Г. Пхалке). 1931 жылы бірінші дыбысты кино “Алам Ара” (реж. А.Ирани) қойылды. 20 ғасырдың 40-жылдарының 2-жартысында, әсіресе, тәуелсіздікті жеңіп алғаннан кейін (1947) ұлттық кинематография құру мүмкіндігі пайда болды. 1947 ж. ақпарат пен радио хабарын тарату министрлігі жанынан кинематография бөлімі ұйымдастырылды. Халық өмірін шынайы бейнелеген алғашқы фильмдер пайда болды — “Жер балалары” (1946, реж. Х.А. Аббас), “Құр қалғандар” (1949, реж. Н.Гхож). 50-жылдары шығарылған бірқатар фильмдер де маңызды әлеум. мәселелерге арналды. Олардың ішінде “Серік” (1953, реж. Аббас), жерге деген өз құқықтары үшін күрескен шаруалар жөніндегі “Екі бигха жер” (1953, реж. Б.Рой), белгілі бір мөлшерде “Қаңғыбас” (1951, реж. Р.Капур), т.б. фильмдері бар. Реж. С.Рейдің кинотрилогиясы (“Жол жыры” — 1955, “Жеңілмегендер” — 1957, “Апу дүниесі” — 1959) тек қана үнділік емес, дүниежүзінде кино өнеріндегі елеулі құбылыс болды. Үнді фильмдеріне тұрмыс көріністері мен әдет-ғұрыптарды жан-жақты бейнелеу, оқиғалардың баяу дамуы тән. Үндістан кино өнімдерінде көбінесе тарихи сюжеттерге арналған музыкалық фильмдер елеулі орын алады. Олардың көпшілігінде фильм мазмұнына қатысы жоқ әндер мен билерге шамадан тыс көңіл бөлінеді. Ел өмірін жан-жақты суреттейтін деректі фильмдер шығару жолға қойылған. 1960 жылы Пунада кинематография институты ашылды. 1954 жылдан Бомбей қаласында бүкілүнділік кинофестиваль өткізіліп тұрады. Кино өнері жөнінде бірнеше журнал шығарылады. Үндістан — дүние жүзінде жылына ең көп көркем фильмдер шығаратын мемлекет. Үнділік кино фабрикасыБолливуд деген атқа ие болған, ол Бомбей қаласының түбінде орналасқан. Бұл қаланың түсіру павильондарынан күн сайын екі жаңа фильм шығарылады. Фильмдер хинди, бенгал, маратхи, т.б. халықтардың тілдерінде түсіріледі. Дүние жүзіне есімі танымал үнділік кино актерлерінің қатарына,Айшвария Рай Баччан,Шахрух Хан,Фрида Пинто,Д.Патель,[[ Б.Сахни, Д.Ананд, Д.Кумар, Радж Капур, Шиши Капур, Наргис, С.Сен, М.Кумари, Б.Ран, В.Рахман, Ш.Тагор, Зинат Аман, Амитабх Баччан, Амриш Пури, Митхун Чакраборти, Шри Деви, т.б. жатады.[6]

Дереккөздер

  1. Population Enumeration Data (Final Population). 2011 Census Data. Office of the Registrar General & Census Commissioner, India. Басты дереккөзінен мұрағатталған 22 мамыр 2016.
  2. A – 2 Decadal Variation in Population Since 1901. 2011 Census Data. Office of the Registrar General & Census Commissioner, India. Басты дереккөзінен мұрағатталған 30 сәуір 2016.
  3. a b c d World Economic Outlook Database, April 2019. International Monetary Fund.
  4. Human Development Indices and Indicators: 2018 Statistical update. United Nations Development Programme (15 September 2018). Тексерілді, 15 қыркүйек 2018.
  5. Ежелгі дүние тарихы — 6 сынып — Алматы: Атамұра баспасы 2006
  6. Қазіргі дүние географиясы: Хрестоматия. Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 11-сыныбына арналған оқу құралы. / Қ. Ахметов, Т. Увалиев, Г. Түсіпбекова. —Алматы: "Мектеп" баспасы, 2007. ISBN 9965-36-216-5