Қазақстан
Қазақстан ( [qɑzɑqˈstɑn]), толық атауы Қазақстан Республикасы ( ) — Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда орналасқан мемлекет. Батысында Еділдің төменгі ағысынан, шығысында Алтай тауларына дейін 3 000 километрге, солтүстіктегі Батыс Сібір жазығынан, оңтүстіктегі Қызылқұм шөлі мен Тянь-Шань тау жүйесіне 1 600 километрге созылып жатыр. Қазақстан Каспий көлі арқылы Әзербайжан, Иран елдеріне, Еділ өзені және Еділ-Дон каналы арқылы Азов теңізі мен Қара теңізге шыға алады. Мұхитқа тікелей шыға алмайтын мемлекеттердің ішінде Қазақстан — ең үлкені.
Қазақстан бес мемлекетпен шекаралас, соның ішінде әлемдегі құрлықтағы ең ұзын шекара, солтүстігінде және батысында Ресеймен — 7 591 км құрайды. Оңтүстігінде: Түрікменстан — 426 км, Өзбекстан — 2 354 км және Қырғызстан — 1 241 км, ал шығысында: Қытаймен — 1 782 км шектеседі. Жалпы құрлық шекарасының ұзындығы — 13 394 километр. Батыста Каспий көлімен (2000 км), оңтүстік батыста Арал теңізімен шайылады.[8]
2024 жылдың 1 наурыздағы елдегі тұрғындар саны — 20 075 271[3], бұл әлем бойынша 64-орын. Жер көлемі жағынан әлем елдерінің ішінде 9-орын алады (2 724 902 км²).
Елдің елордасы — Астана қаласы. Мемлекеттік тілі — қазақ тілі. Орыс тілі мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.
Қазақстанның ұлттық құрамы алуан түрлі. Халықтың басым бөлігін тұрғылықты қазақ халқы құрайды, пайыздық үлесі — 70,18%[9], орыстар — 18,42%, өзбектер — 3,29%, украиндар — 1,36%, ұйғырлар — 1,48%, татарлар — 1,06%, басқа халықтар 5,38%.[10] Халықтың 75% астамын мұсылмандар құрайды, православты христиандар — 21%, қалғаны басқа да дін өкілдері.[11]
Экономикалық көрсеткіштері бойынша дамушы экономика ретінде қарастырылады. Елдің жалпы ішкі өнімі ЖІӨ (номинал) — $205,539 млрд (2018). Экономиканың негізгі бағыты — отын-энергетика саласындағы шикізат өндіру, ауыл шаруашылығы (егіншілік). Елдің негізгі валютасы — теңге.
1991 жылғы 16 желтоқсан күні КСРО-ның ыдырауына байланысты өз егемендігін жариялады және халықаралық қауымдастық тарапынан тәуелсіз мемлекет ретінде мойындалды. 1992 жылғы 2 наурыздан бастап БҰҰ-ның толыққанды мүшесі. Сонымен қатар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына және Еуразиялық Экономикалық Қауымдастығы сияқты басқа да бірнеше халықаралық ұйымдардың құрамына кіреді.
Этимологиясы
Қазақстан сөзі Қазақ [12][13] және Стан сөздерінен құралған, яғни Қазақ елі деген мағына береді. Соңғы кездері халық арасында Қазақ елі, Ұлы дала елі және Қазақия деген атаулар қолданылуда[14][15][16].
Тарихы
Қазақстан тарихы | |
| |
Ежелгі Қазақстан тарихы | |
---|---|
Тас дәуірі | |
Қазақстанның ерте орта ғасырлардағы мемлекеттері | |
Түркі қағанаты (552—603) | |
Қазақстанның дамыған орта ғасырлардағы мемлекеттері | |
Қарахан мемлекеті (942-1212) жж.
• Қарақытай мемлекеті (1128-1213) жж.
• Қыпшақ хандығы
Моңғол империясы (1206—1291) | |
Қазақ хандығы дәуірі | |
Қазақ хандығы (1465—1847) | |
Ресей империясы құрамындағы Қазақстан | |
Бөкей Ордасы (1801—1872) | |
Кеңес одағы құрамындағы Қазақстан | |
Алаш автономиясы (1917—1920) | |
Тәуелсіз Қазақстан тарихы | |
Қазақстан (1991—қазір) | |
Портал «Қазақстан» Санат «Қазақстан тарихы» |
Ежелгі Қазақстан
Қазіргі Қазақстан жерін ежелгі адамзат баласы бұдан 1 миллиондай жыл бұрын мекен еткен. Қола дәуірінде Сібірдің, Жайық өңірінің, Қазақстан мен Орта Азияның ұлан-ғайыр далаларын тегі және тарихи тағдырларының ортақтығы жағынан туыс тайпалар мекендеді. Бұл тайпалар өзінше бір үлгідегі жарқын мәдениет қалдырды. Мұны ғылымда Андрон мәдениеті деп атайды. Ерте темір ғасыры дәуірінде (біздің заманымыздан бұрынғы I мыңжылдық ортасы) Қазақстанда тайпалық одақтар қалыптасты. Қазақстанның оңтүстік, шығыс және орталық аудандарын мекендеген тайпалар сақ тайпалар одағына, ал батыс, солтүстік аудандарындағы тайпалар савроматтар тайпалық бірлестігіне бірікті. Біздің заманымыздан бұрынғы III-ғасырда Қазақстан жерінде кейбір тайпалар өз мемлекетін құрып, алыс-жақын елдермен саяси қарым-қатынастарға түсті. Олардың алғашқылары сюнну (ғұндар) болатын. Зерттеушілер ғұндарды түріктердің арғы ата-бабалары деп есептейді. Бұл бірлестікті Мөде басқарған кезде ғұндар бүкіл әлемге танылды. Ғұндардың батысқа жорығы “Халықтардың ұлы қоныс аударуына” түрткі болды. Жетісуда ежелгі тиграхауда сақтарының жерін мұра етіп алған усундер (үйсіндер) біздің заманымыздан бұрынғы 160 ж. шамасында Іле алқабында өз мемлекетін құрды. Олар Қаңлы мемлекетімен шектесті. Бұл тайпалар құрған мемлекеттер Қытай, Парфия, Рим және Кушан империясы сияқты елдермен саяси, экономикалық және мәдени байланыс орнатқан.
Ерте орта ғасырлардағы Қазақстан (Түркі дәуірі)
Қазақстан аумағындағы ерте орта ғасырдағы мемлекеттер (VI-IX ғғ)
VI ғасырдың басында бүгінгі қазақ жерінде аса күрделі бетбұрыстар болған. Алтай-Сібір, Моңғолия жерінде түркі тайпаларының үстем тап өкілдері бірігіп, әскер күшіне сүйенген Түрік қағанаты атты ерте феодалдық мемлекет құрды. Олардың жері шығыс Кореядан бастап, Орта Азияның жерін де қамтылған. Қазақстан да бұл қағандықтың құрамына кірген.
Бұл мемлекет туралы жазба деректер түрік тайпаларының өз тілінде жазылған «Үлкен күлтегін», «Тоныкөк» құлпытастарындағы жазуларынан белгілі. Махмұд Қашқари, Рашид-ад-диннің тарихи жазбаларынан көптеген құнды деректер алуға болады. Византия, Қытай тарихшылары да мол мәлімет береді. Қазақстанның тарихында бұл мерзім «Түрік дәуірі» (VI-XIII ғ. ғ.) деген атпен белгілі. Қазақ жерінде көрсетілген мерзімде бірнеше феодалдық мемлекеттер өздерінің саяси-әкімшілік биліктерін жүргізді.
Қазақстанда алғашқы қауымдық құрылыстан кейін V ғасырдан феодалдық қатынастар орнай бастады (немісше феод- «жер», аль- «иесі», яғни жердің иесі деген ұғымды береді). Ортағасырлық тайпалардың арасында негізгі екі тап: феодалдық табы мен шаруалар табы қалыптасады. Феодалдар мал мен жердің негізгі иесі болады. Феодалдық қатынастардың орнауы Қазақстанның оңтүстігінде басқа өңірлерге қарағанда жедел жүрді. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихының басты ерекшеліктерінің бірі осы феодалдық-патриархаттық қатынастардың орнауы болды.
- Тағы қараңыз: Түрік қағанаты, Батыс Түрік қағанаты, Түргеш қағанаты және Қарлұқ қағанаты
Орта ғасырлардағы Қазақстан (Оғыз дәуірі)
Өтініш, осы бөлімді толықтырыңыз. |
Орта ғасырларда қазіргі Қазақстан жерін Қарахан, Қарақытай, Оғыз, Қимақ мемлекеттері өмір сүрді.
Ресей империясының құрамындағы Қазақстан
Қазақстанды Ресейдің отарлауы 1731 жылы Кіші Жүз ханы Әбілқайырдың Ресейге қосылуынан басталды. Бұл процесс 130 жылдан аса уақытқа созылып, 19 ғасырдың 60 жылдарының ортасына қарай толық жүзеге асырылды. 1731–1860 жылдары Қазақстан Ресейге, көбіне сөз жүзінде ғана бағынып, іс жүзінде ру, тайпа билеушілері дербес саясат жүргізді. Патша өкіметі халық көтерілістерін аяусыз басып отырғанымен, елдің ішкі істеріне (сот жүйесіне, ру аралық мәселелерге) араласпады. Ел ішіндегі беделді адамдарға, ру басыларына жалақы тағайындап, әр түрлі атақтар беріп, екінші жағынан әкімшілік реформалар жасап, көнбегендерін жазалау арқылы өз билігін күшейтті.
- 1822 ж. “Сібір қазақтары туралы жарғы”, 1824 ж. “Орынбор қазақтары жөніндегі жарғы” деген құжаттармен қазақ жерін басқару тәртібі белгіленді. Осы заңдар бойынша Орта жүз бен Кіші жүз хандықтары жойылды. Кіші жүзде хандық биліктің орнына Ресейдегі сияқты әкімшілік басқару жүйесі қалыптасты. Ал Орта жүзде “аға сұлтан” деген басқарушы қызмет енгізілді. Ішкі округтер құрылды. Округтер болыстарға, болыстар ауылдарға бөлінді.
- 19-ғасырдың басында Хиуа мен Қоқан хандары Оңтүстік Қазақстанға өз бақылауларын орнатты. Қазақтар Қоқан мен Хиуа билеушілеріне қарсы жиі-жиі бас көтеріп отырды. Отарлық езгінің күшеюі, шұрайлы жерлерді тартып алып, бекіністер салу Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын (1837–47) тудырды.
- 19-ғасырдың 60-жылдарында Қазақстанның Ресейге қосылу кезеңі аяқталды.
- 1914 ж. 1-тамызда Ресейдің 1-дүниежүзілік соғысқа тартылуы Қазақстан халқына ауыр соққы болып тиді.
- Жаппай наразылықтар нәтижесінде 1916 жылғы көтеріліс шықты. Көтерілістің басталуына патшаның 1916 жылғы 25-маусымдағы майдандағы қара жұмысқа Қазақ пен Түркістан өлкелерінің және ішінара Сібірдің 19-дан 43 жас аралығындағы ер-азаматтарын шақыру жөніндегі жарлығы түрткі болды. Көтерілістің аса ірі ошақтары Жетісу мен Торғайда болды.
- 1917 ж. патшаны тақтан құлатқан Ақпан революциясының оқиғалары көп ұзамай Қазақстанға да жетті.
- 1917 ж. 21–28 шілдеде Орынборда 1-Бүкілқазақ съезі өтті. Делегаттар ұлттық автономия, жер-су, т. б. мәселелердің шешілуіне, Құрылтай жиналысына әзірлік және қазақ саяси партиясын құру мәселелеріне баса назар аударды. Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышбаев, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынұлы, Жанша Досмұхамедұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мағжан Жұмабаев, т. б. қайраткерлер отаршылдыққа қарсы Алаш партиясын құрды. Олар қазақ халқын отарлық езгіден азат ету ұраны төңірегіне топтасып, қазақтың дербес, тәуелсіз Алашорда демократиялық мемлекетін құруға кірісті. Бірақ көп ұзамай бүкіл Ресейдегі сияқты қазақ жерінде де кеңес билігі орнады.
Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы
1917 жылы большевистік революциядан кейін Қазақстанда Кеңес билігі орнады. Бірінші дүниежүзілік және азамат соғыстары бүкіл ел шаруашылығын күйретті. 1920-1921 жж. қыста болған жұттың салдарынан ірі қараның жартысына жуығы қырылды. 1921 жылы жаз егінсіз болып, аштық орнады. Тек 20-жылдардың соңына қарай Қазақстан қалпына келді. 1920 жылы Қазақстан автономды, ал 1936 жылы КСРО құрамындағы одақтық республика болды.
Аймақтың экономикалық әлсіздігін есепке ала отырып, одақтық үкімет Қазақстан шаруашылығын қарқынды түрде дамытуды алға қойды және 1941 жылы өнеркәсіп өндіріс көлемі 1913 жылмен салыстырғанда сегіз есеге артты. Ірі экономикалық жобаларды орындауға ресурстарды топтастырудың жоспарлық жүйесінің мүмкіндіктері арқасында Қазақстан 30-жылдары көшпелі өлкесінен ірі және өнеркәсіптік, егіншілік пен мал шаруашылығы дамыған, жоғары мәдени деңгейі бар аймаққа айналды.
Қазақстан аумағында мыңдаған ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар құрылды, он мыңдаған шақырымға созылған темір және автомобиль жолдары түсті. Қазақстан түрлі түсті және қара металл, көмір, мұнай, бидай, мал шаруашылығы өнімдерінің ірі өндірушісі болды. 1991 жылы Қазақстан үлесіне қорғасын, мырыш, титан, магний, қалайыны өндіруде одақтық өндірістің 70 пайызы, фосфор мен хром өндірісінің 90 пайызы, күміс пен молибденнің 60 пайыздан астамы тиесілі болды. Қазақстан дәнді дақылдардың ірі өндірушісі болды.
Алайда, экономикалық дамудағы жетістіктер үшін қазақ халқы құнын өтеді. «Социалистік индустриялау» әдісі қайғылы жағдайға әкелді. Нәтижесінде ұжымдастыру бойынша қозғалыс 30-жылдары аштыққа әкеліп тіреді. Қазақтардың бір бөлігі тобымен Қытайға және көршілес ортаазия елдеріне кетті. 1931-1934 жылдары аштық пен аурудан бір жарым миллион адам қаза тапты, ол этностың 40 пайызын құрады.
Қазақстан бұрынғы КСРО аумағындағы негізгі тұрғындардың ең аз бөлігін құраған бірегей республика болды; мұндай жағдай 30-жылдары халықтың көп бөлігінен айырылғаннан емес, КСРО-ның басқа аймақтарынан Қазақстан аумағына жүз мыңдаған адамдарды жарамсыз большевиктік режимде 1937-1938 жж. террор құрбандарына арналған концлагерлер ұйымдастыру арқылы қоныс аудару салдарынан болды.
1935 жылдан 1940 жылға дейінгі кезеңде Батыс Украина, Белоруссия және Литвадан поляктардың жер аударуы көп орын алды (120 мыңға жуық адам). ІІ дүниежүзілік соғыс жылдары Қазақстанға Поволжья немістері, Кавказдан шешендер, ингуштар және басқа да ұлт өкілдері күштеп қоныс аударылды, ал 50-60 жж. тың игеруге байланысты біздің елге Ресей, Украина, Белоруссиядан миллиондаған тұрғындар көшіп келді. Нәтижесінде 1926 жылы республикадағы барлық тұрғынның меншікті салмағы 57,1% құрап, 1939 жылы бұл көрсеткіш 38%-ға дейін төмендеді, ал 1959 жылы небәрі 30 пайызға тең болды. Тек соңғы жылдары қазақтардың меншікті салмағы 50 %-дың көрсеткішке жетті.
70-80 жылдар қарсаңында КСРО-ның экономикалық және әлеуметтік-саяси өміріндегі дағдарыс Қазақстанға да әсер етті. Қатаң жоспарлық жүйе елдің экономикалық дамуын, әлеуметтік саланы тоқыратты. Сондықтан да қайта құру саясаты жариялылық пен демократияға сенген Қазақстан халқынан кең қолдау тапты. Алайда, 1986 жылғы 17 желтоқсанда орын алған Алматыдағы жастардың демократиялық көтерілісінің қатты қысымға алынғаны тағы да «әлеуметтік» жүйенің жарамсыздығын көрсетті.
Қазақстан Республикасы
1990 жылдарда 1991 жылы 8 желтоқсанда РКФСР, Украина, Беларусь басшылары Минск қаласында кездесті (Беловеж келісімі). Талқыланған негізгі мәселелер — 1922 жылғы КСРО құру туралы келісім шартты жою, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру. Бас қосуда осы мәселелер туралы құжаттарға қол қойылды. Бұл кездесуге Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаев та, басқа Орта азиялық республикалардың басшылары да шақырылмады.
1991 жылы 13 желтоқсанда Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан басшылары Ашхабадта бас қосты. Орта Азия мемлекеттерінің басшылары Минск (Беловеж келісімі) шешімін қолдайтындықтарын білдірді. 1991 жылы 20 желтоқсанда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, РКФСР, Украина, Беларусь, Армения, Молдова Алматыда бас қосты. Оған Грузия бақылаушы есебінде ғана қатысты.
1991 жылы 21 желтоқсанда аталған 11 республиканың басшылары КСРО-ны ыдыратып, ТМД-ны құру туралы келісімге қол қойды.
Кеңестік жүйенің құрсауынан босап шыққан республикалар «кеңестік», «социалистік» деген атаулардан бас тарта бастады. 1991 жылғы желтоқсанның 10-ы Республика Жоғарғы Кеңесінің сессиясында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын Қазақстан Республикасы деп өзгертті.
Алматы кездесуі кезінде келісілген мәселелердің аса бір маңыздысы - ядролық қаруға қатысты бірлескен шара жөніндегі келіссөз еді. Оған қолдарында ядролық қаруы бар мемлекет есебінде Беларусь, Қазақстан, Ресей Федерациясы және Украина Республикасының басшылары қол қойды. Мемлекеттер келісімі бойынша — қатысушылар ядролық мәселе жөніндегі саясатты бірлесе жасап, Тәуелсіз Елдер Достастығына енетін барлық республиқалардың ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиісті болды.
КСРО-ның ыдырау процессін тездеткен 1991 жылғы тамыз бүлігі 1991 жылдың қазанына қарай көптеген республикалардың өз тәуелсіздігін жариялауына септігін тигізді. 1991 жылы 16 желтоқсанда Республиканың Жоғарғы Қеңесінің жетінші сессиясында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң қабылданды. Осы күні Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Сонымен, 1991 жылғы 16 желтоқсан Республиканың тәуесіздік алған күні.
Екінші мыңжылдықта
Екінші мыңжылдық 10 жылдарында
Географиясы
Қазақстан Республикасының жер көлемі 2,7 млн шаршы шақырым. Жерінің ауданы жағынан дүние жүзіндегі ең ірі мемлекеттердің қатарына жатады. Бұл көрсеткіш бойынша Ресей, Канада, Қытай, АҚШ, Бразилия, Австралия, Үндістан және Аргентинадан кейін 9-шы орында тұр.
Республика Еуразия құрлығының орталығында барлық мұхиттардан бірдей қашықтықта орналасқан. Республика батысында Еділ өзені алабынан шығысында Алтай тауы шыңдарына дейін 3 мың км дейін, солтүстіктегі Батыс Сібір жазығынан (Солтүстік Қазақстан жазығы) оңтүстігінде Қызылқұм шөлі мен Тянь-Шань тау жүйесіне 1600 км-ге дейін созылып жатыр. Қиыр солтүстік нүктесі (55 26 с. е.) Шығыс Еуропа жазығының орталық бөлігі мен Британия аралдарының оңтүстігіне, ал оңтүстік нүктесі (40 56 с. е.) Кавказ сырты мен Оңтүстік Еуропаның Жерорта теңізі өңіріндегі елдердің ендігіне сәйкес келеді. Қазақстан қоңыржай белдеудің орта және оңтүстік ендіктерінде орналасқан. Географиялық орнына қарай орманды дала, дала, шөлейт және шөл зоналары қалыптасқан. Елдің батыс шеті (46 27 ш. б.) Елтон және Басқыншақ көлдері маңына, ал шығыс нүктесі (87 20 ш. б.) Бұқтырма өзенінің бастауына тұспа тұс келеді.
Аумағының 10%-ы биік таулы өңірлер, қалған бөлігі ойпат, жазық, үстірт, қырат жерлер. Қазақстанның ең биік жері — Хантәңірі шыңы (6995 м, қар құрсауымен қосып есептесе 7010 м). Ол Тянь-Шань тау жүйесінде орналасқан. Каспий теңізінің шығыс жағалауында елдің ең ойпат жері Қарақия ойысы теңіз деңгейінен 132 м төменде орналасқан.
Әкімшілік бөлінуі
Қазақстан Республикасы — унитарлы мемлекет. Әкішілік құрылымы бойынша құрамына 17 облыс, 89 қала, соның ішінде 3 республикалық маңызы бар қалалар (Астана, Алматы, Шымкент), 186 аудан, 174 ауылдық округ кіреді.
№ | Аймақ | Әкімшілік орталығы | Ауданы, км² | Тұрғыны (1 шілде 2017 ж. адам)[17] |
Тұрғыны (1 қаңтар 2019 ж. адам) |
2 жылдық қорытынды (адам) |
Тұрғыны
(1 маусым 2023 ж. адам)[18] |
---|---|---|---|---|---|---|---|
1 | Алматы облысы | Қонаев | 223 924 | 2 003 063 | 2 037 393 | ▲ 34 330 | 1 516 506 |
2 | Шығыс Қазақстан облысы (ШҚО) | Өскемен | 283 226 | 1 386 208 | 1 379 079 | ▼ 7 129 | 729 813 |
3 | Қарағанды облысы | Қарағанды | 427 982 | 1 381 501 | 1 378 863 | ▼ 2 638 | 1 136 177 |
4 | Жамбыл облысы | Тараз | 144 264 | 1 116 384 | 1 124 559 | ▲ 8 175 | 1 222 093 |
5 | Түркістан облысы (ОҚО) | Түркістан | 117 249 | 1 929 000 | 1 977 768 | ▲ 48 768 | 2 132 208 |
6 | Қостанай облысы | Қостанай | 196 001 | 876 833 | 873 124 | ▼ 3 709 | 831 860 |
7 | Ақтөбе облысы | Ақтөбе | 300 629 | 851 339 | 867 828 | ▲ 16 489 | 933 267 |
8 | Қызылорда облысы | Қызылорда | 226 019 | 777 730 | 793 299 | ▲ 15 568 | 803 681[19] |
9 | Павлодар облысы | Павлодар | 124 800 | 755 847 | 753 981 | ▼ 1 866 | 755 543 |
10 | Ақмола облысы | Көкшетау | 146 219 | 737 449 | 739 566 | ▲ 2 117 | 788 723 |
11 | Маңғыстау облысы | Ақтау | 165 642 | 650 509 | 676 835 | ▲ 26 326 | 775 805 |
12 | Батыс Қазақстан облысы (БҚО) | Орал | 151 339 | 643 874 | 651 874 | ▲ 8 000 | 690 712 |
13 | Атырау облысы | Атырау | 118 631 | 613 880 | 632 896 | ▲ 19 016 | 698 210 |
14 | Солтүстік Қазақстан облысы (СҚО) | Петропавл | 97 993 | 560 553 | 555 020 | ▼ 5 533 | 533 127 |
15 | Алматы — республикалық маңызы бар қала | 451 | 1 772 779 | 1 854 556 | ▲ 81 777 | 2 185 596 | |
16 | Астана — республиканың елордасы | 710,2 | 1 006 570 | 1 078 362 | ▲ 71 792 | 1 376 528 | |
17 | Шымкент — республикалық маңызы бар қала | 506 | 1 002 291 | 1 011 511 | ▲ 9 220 | 1 203 184 | |
18 | Байқоңыр — республикалық маңызы бар қала | 57 | 38 500 | 39 161 | ▲ 661 | 34 578 [20] | |
19 | Абай облысы | Семей | 610 292 | ||||
20 | Жетісу облысы | Талдықорған | 699 277 | ||||
21 | Ұлытау облысы | Жезқазған | 221 823 | ||||
Барлығы | 2 724 902 | 17 994 200 | 18 592 701 | ▲ 598 501 | 19 879 003 |
Ірі қалалар
Орыны | Қала | Тұрғыны[20] |
---|---|---|
Миллионер қала | > 1 млн | |
1 | Алматы | 2 175 218 |
2 | Астана | 1 367 156 |
3 | Шымкент | 1 198 570 |
Жүз мыңнан астам тұрғынды қалалар | 100—999 мың тұрғын | |
4 | Қарағанды | 516 946 |
5 | Ақтөбе | 562 355 |
6 | Тараз | 428 337 |
7 | Семей | 329 457 |
8 | Павлодар | 334 057 |
9 | Өскемен | 367 749 |
10 | Атырау | 404 129 |
11 | Қостанай | 265 186 |
12 | Қызылорда | 351 828 |
13 | Орал | 357 704 |
14 | Петропавл | 222 276 |
15 | Ақтау | 274 053 |
16 | Жаңаөзен | 148 921 |
17 | Теміртау | 177 695 |
18 | Түркістан | 221 493 |
19 | Көкшетау | 191 692 |
20 | Талдықорған | 202 147 |
21 | Екібастұз | 145 473 |
22 | Рудный | 123 805 |
Барлық тұрғын саны (ірі қалаларда): |
10 366 347 | |
Қазақстанның жалпы тұрғын саны: | 19 879 003 | |
Ірі қалалардың тұрғын санындағы үлесі % | 52,1% |
Халқы
Мемлекеттік құрылымы
Қазақстан — 1995 жылғы 30 тамыздағы республикалық референдумда қабылданған Конституция бойынша — өзін демократиялы, зайырлы, құқықты және әлеуметті мемлекет ретінде орнықтырды. Қазақстан Республикасы – президенттік басқару формасындағы біртұтас мемлекет. Республиканың ең жоғарғы өкілді органы — Парламент. Ол республиканың заң шығару құзіретін жүзеге асырады.
Парламент тұрақты жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады. Сенатқа әр облыстан және респ. маңызы бар 2 қаладан екі адамнан сайланады. Сенаттың 15 депутатын Парламент өкілеттігі мерзіміне Республика Президенті тағайындайды. Мәжіліс республиканың әкімш.-аумақтық бөлінісі ескеріле отырып құрылған, сайлаушылар саны шамамен тең болатын бір мандатты аумақтық сайлау округтары бойынша сайланатын алпыс жеті депутаттан және партиялық тізім бойынша сайланатын 10 депутаттан тұрады.
Президент Үкіметті Конституцияда белгіленген тәртіппен құрады. Тағайындалғаннан кейінгі он күн мерзім ішінде Премьер-Министр Үкіметтің құрылымы мен құрамы туралы республика Президентіне ұсыныс енгізеді. Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі жеті мүшеден тұрады, олардың өкілеттігі алты жылға созылады. Конституциялық Кеңестің төрағасын республика Президенті тағайындайды.
Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Ол заңмен құрылған Қазақстан Республикасының Жоғ. Соты және республиканың жергілікті соттары болады. Жергілікті мемлекет басқаруды тиісті аумақтағы істің жай-күйіне жауапты жергілікті өкілдік (мәслихат) және атқарушы органдар (әкімдік) жүзеге асырады.
Табиғаты
Қазақстанның қазіргі жер бедері палеогеографиялық дамудың талай ұзақ кезеңдерінен кейін, теңіздік және континенттік жағдайлардың алмасып отыруынан, климаттың үнемі өзгеріске ұшырауынан және тектоник. қозғалыстардың нәтижесінде қалыптасқан. Республиканың орт. бөлігінде болған варийлік (герциндік) тау жүйелері жоғ. палеозойдан бастап қарқынды континенттік мүжілуге ұшырау салдарынан, қалдық қырқалы денудациялық жазықтар мен аласа тауларға айналды. Тек қана Торғай қолаты мен республиканың солт.-шығыс бөлігін кайнозойдың мореналық алаптарының жекелеген шығанақтары, ал оңт.-батыс бөлігін тұтасымен бор және неогендік теңіз басып жатты. Төрттік кезеңде ғана Маңғыстау түбегі Мұрағатталған 8 қыркүйектің 2013 жылы. мен оған жапсарлас аудандар климаты қуаң жазық құрлыққа айналды. Қазақстанның оңт.-шығысында неоген-төрттік кезеңде түзілген биік таулы аймақтың қалыптасу процесі бүгінге дейін созылуда. Оған жер қыртысының осы аймақтағы қозғалыстары мен сілкінулері дәлел. Таулы өңірді табиғат тарихында 3 рет мұз басқан, соның салдарынан мұнда қар, мұздықтық аңғарлар, мореналық жыныстар ұшырайды.
Қазақстан Шығыс Еуропа платформасының оңт.-шығыс шетін (Каспий маңы синеклизасын) және Орал-Моңғол қатпарлы белдеуінің батыс бөлігін алып жатыр. Қатпарлы белдеу өзінің оңт.-батысында Тұран ойпатына (тақтасына) жалғасады.
- Тақтаның (плитаның) мезокайнозойлық тысының астынан Мұғалжар мен Қаратаудың (Маңғыстауда) палеозойлық құрылымдары шығып жатады. Бұлардың шығысындағы Қазақстанның таулы-қатпарлы бөлігінде Орт. Қазақстан палеозойлық массиві — Сарыарқаны, бірнеше қатпарлы жүйелер мен облыстарды (Шыңғыс — Тарбағатай, Обь — Зайсан және Алтай — Саян қатпарлы облыстарының қазақстандық бөліктері), Солт. Тянь-Шань мен Жетісу Алатауының ендік бағытқа жуық альпілік белдеулерін ажыратуға болады. Каспий маңы синеклизасы (ойпаңы) үш бөлікке жіктелген шөгінділерден тұрады. Төм. бөлігі қалыңд. 13 км-ге дейінгі рифей мен төм. және орт. палеозойдың құмды-тақтатасты, сазды, карбонатты-терригендік қат-қабаттарынан, орт. бөлігі кунгур ярусының (қалыңд. 5 км-дей) тұзды сериясынан, беткі жағы жоғ. пермь-мезозойдың теңіздік, континенттік шөгінділерінен (4–6 км) құралған...
Қазақстанның климаты шұғыл континентті. Климаттың континенттігі оның өзіндік ерекшеліктерінен көрінеді. Оларға: қыс пен жаз температурасының үлкен айырмашылықта болуы, ауаның құрғақтығы, республиканың көп жерінде атмосфералық жауын-шашынның әркелкі түсуі, қыстың солтүстікте ұзақ әрі аязды, оңтүстікте қысқа әрі жұмсақ болуы жатады.
Қазақстан өзі орналасқан географиялық ендігі бойынша климаты ылғалды субтропикалы Жерорта теңізі елдеріне және қоңыржай континентті орталық Еуропаға сәйкес келеді. Бірақ еліміз орасан зор Еуразия құрлығының ортасында орналасқандықтан климатының шұғыл континенттігімен ерекше. Өйткені Дүниежүзілік мұхиттардан мыңдаған километр қашық жатқандықтан олардың климат жұмсартарлық әсері өте аз.
Қазақстан коңыржай климаттық белдеудің оңтүстігінде жатыр, сондықтан жылдың төрт мезгілі (жаз, күз, қыс, көктем) айқын білінеді. Қыста Сібірдің қатты суығы келеді. Жазда Орта Азияның жылы, тіпті ыстық ауасының әсері жақсы байқалады. Жыл мезгілдерінің арасындағы температуралық айырмашылықтар климаттың континенттігін арттырады.
Кең байтақ Қазақстан жерінде оның географиялық орнына (яғни атмосфералық ылғалдықтың негізгі көзі — мұхиттардан тым шалғай орналасуына) және жер бедеріне байланысты қуаң континенттік климат қалыптасқан. Басқа кез келген аумақты аймақтар сияқты республика климатына да радиациялық және циркуляциялық факторлар кешені ерекше әсер етеді.
Радиация Мұрағатталған 4 ақпанның 2017 жылы.. Қазақстан аумағы үстінде қыс бойы жоғары қысымды ауа циркуляция жүйесі (антициклон) үстемдік етеді, ал жазда төмен қысымды (циклон) атмосфералық циркуляция жүйесі жиі қалыптасады. Жалпы республика аумағының көп бөлігінде антициклондық ауа райы басым.
Сондықтан күн сәулесінің түсу ұзақтылығы солтүстіктен оңтүстікке қарай жылына 2000 сағаттан 3000 сағатқа дейін артып отырады. Жылына солтүстікте 120, оңтүстікте 260 тәулік ұдайы бұлтсыз болады, бұлтты күндер саны тиісінше 60 тәуліктен 10 тәулікке дейін (Балқаш маңы ойпаты) кемиді. Міне, осылардың нәтижесінде жиынтық радиация мөлшері де солт-тен оңт-ке қарай 4200-ден 5500 МДж/м2-ге дейін біртіндеп артады. Сол сияқты төсеніш беттің (жер бетінің) сәуле қайтару қабілетіне байланысты сіңірілетін радиация мөлшері де оңтүстікке қарай бірқалыпты көбейеді. Сәуле қайтару қабілетін қыста тұрақты қар жамылғысы қалыптасқанда ең жоғары шегі 70–80%-ға жетіп, жазда көп жерде 20 – 30%-ке дейін төмендейді. Радиацияның жылдық тиімді сәулелену мәні солтүстікте 1500-ден оңтүстікте 2100 МДж/м2-ге дейін өзгереді. Теріс мәнді радиациялық байланыстың маусымдық ұзақт. солт-те 3,5 — 4,5 ай (қараша — наурыз), оңтүстікте — 1 ай.
Қазақстанның жер үсті суларының ресурсы сулылығы бойынша орташа жылдық көлемі 100,5 км³; соның ішінде не бары 56,5 км³-і ғана республика аумағында қалыптасады, қалған көлемі Орта Азия мемлекеттерінен, Ресей Федерациясынан және Қытай Халық Республикасынан келетін өзен суларынан құралады. Өзен су ағынының көлемі бойынша Қазақстан планетаның сумен ең аз қамтылған елдерінің қатарына жатады. Қажетті су тұтыну көл. 54,5 км³-ді құрайды, мұның сулылығы бойынша орташа жылдық бағаммен шаруашылыққа пайдаланылу мүмкіндігі 46,0 км3-ден аспайды. Су тапшы жылдары су ресурстарының көл. 58 км³-ге дейін, ал пайдаланылатын су тиісінше 26 км³-ге дейін төмендейді. Тұщы жер асты су қоры 15,1 км³-ді құрайды, оны пайдалану деңгейі 11,3% немесе 1,7 км³. Қайтымды сулардың көл. 4 км³, су көздеріне қайта құйылған су 2 км³-ден аспайды, қалған ағынды құрамы сейіледі немесе жерге сіңіп кетеді. Қайтымды сулар табиғи сулар мен қоршаған ортаны ластаудың негізгі көзі болады.
Топырақ — табиғат компоненттерінің бірі. Жердің геологиялық тарихында алдымен пайда болған топырақ. Палеогеографиялық зерттеулердің деректері бойынша алғашқы жұқа топырақ қабаты 500 млн жыл бұрын кембрий дәуірінде пайда болыпты. Бұл кезде әлі өсімдік жамылғысы қалыптаспаған.
Топырақ жамылғысын зерттейтін топырақтану ғылымы — жас ғылым. Оның негізін салған XIX ғасырдың 80-жылдары орыс ғалымы В. В. Докучаев — топырақтың табиғи және тарихи дене екенін анықтады.
Қазақстанда өзге елдерде кездесетін топырақ түрлерінің түгелдей дерлігі тараған. Мұнда тайга, тундра топырағына дейін бар, тек ылғалды субтропик белдеміне тән топырақ қана жоқ.
Өсімдігі
Қазақстанда интродукцияланған, мәдени дақылға айналдырылған және кездейсоқ әкелінген түрілерін қоспағанда шамаммен 6025 өсімдік түрі бар. Жабайы өсімдіктердің 18 түрі космополит (Антарктикадан басқа құрлықтарда өседі), 285-і голарктикалық түр (Евразия мен Солтүстік Америкада өседі). Бұлардың ішінде 535-і (шамамен 11%-і) тек Қазақстанда кездеседі (эндемиктер). Мұнда бірнеше ботаникалық зона бар. Тау өсімдіктері өздеріне тән биіктік зоналар құрайды. Өзен-көл, батпақ, жайылма, шалғындық, көлтабан өсімдіктері ешқандай зонаға жатпайды.
Су өсімдіктерінің түрі аз (63 гидрофильді түрі). Олардың құрамында барлық космополиттердің жартысы (шылаңдар мен руппияларды қосқанда 9 түрі), 24 голарктикалық түр (сальвиния, тұңғиқ т. б.) бар. Бұлар су өсімдіктерінің 52%-і, яғни ең көне өсімдіктер. Палеоботаникалық тұрғыдан да осылай; шылаңдар туысы (21 түрі бар) бұдан 70-100 млн жыл (бор дәуірінде), сальвиния, жестер, телорез 40-70 млн жыл бұрын болған. Тегі тропикалық, гидрофильді өсімдіктер тобына жататын су өсімдіктері Қазақстан жерінде 25-40 млн жыл бұрын (олигоценде) қаулап өскен.
Батпақ, өзен жайылмасы мен көлтабан өсімдіктерінің 450-ден астам түрі бар. Шалғынды, кейде батпақты жерлерде бидайық, тарғақ, айрауық, шалғын атқонағы, шалғын бедесі, шалғын ноғатығы, кәдімгі бекмания, қамыс, қоға, қияқ сияқты азықтық шөптер көбірек. Олардың топтасуынан өнімділігі әркелкі шабындық қалыптасады.
- Шөл зона өсімдігі
- Сұр топырақты қырат жерлерді (Оңтүстік Қазақстан) алып жатқан ағаш-бұта құрамында пісте мен (жемісі — кәдімгі пісте) қатар Регель алмұрты, таудаған, тобылғы, қаратау лепидолофасы, тікенекті бадам (бұлардың көпшілігі сирек кездеседі) бар. Талас Алатауы, Қаржантау мен Қаратау бөктерлері селдір орманды, мұнда сары долана, зеравшан аршасы басым. Тақырда өсетін сексеуіл тоғайлары негізінен жапырақсыз аласа (2-8м) «шала ағаш» — қара сексеуілден тұрады. Сексеуіл арасында басқа азықтық өсімдіктер де (жусан, күйреуік, изен, теріскен) аз емес.
- Қоңыр және сұр қоңыр топырақты шөл даладағы шала бұта өсімдіктердің арасында ақ жусан, қара жусан, туран жусаны, ал гипсті қоңыр топырақта баялыш көбірек кездеседі. Мұнда түрлі эфемероидтар (әсіресе баданалы қоңырбас пен жуан сабақты қияқ) мен эфемерлер де бар.
- Құм топырақты шөл даладағы бұта өсімдіктерінің арасында жүзгін, құм сексеуілі, қоянсүйек, қылша түрлері, жапырақсыз құланқұйрық және түкті жүзгін ағаштары басым. Мұнда бұта тәрізді аласа өсімдіктер (жусан, изен) мен көп жылдық шөптер де (құмерке) көп.
- Сор топырақты шала бұта өскен шөл далада сарсазан, бұйырғын т. б. өсімдіктер басым.
- Далалық зона
Далалық зонада бөденешөп, қызылбояу, боз, бетеге, қырғыз бетегесі, қылтық бетеге, көде, еркекшөп бітік өседі. Реликт өсімдіктері — сібір бетегесі, ши мен көп тамырлы жуа.
- Тау өсімдіктері
Оңтүстік Алтай, Сауыр, Жоңғар Алатауы, Солтүстік және Батыс Тянь-Шань өсімдіктері далалық, ормандық және альпілік белдеулерге бөлінеді.
Оңтүстік Алтай мен Тарбағатайдағы далалық белдеу далалық зонамен ұласып жатыр, бірақ мұндағы өсімдіктерге бадам, майқарағай, тобылғы араласқан. Жоңғар Алатауы мен Тянь-Шаньда (шөл зона) бетеге, боз шалғын, бидайық (түкті бидайық), арпа (баданалы арпа) тұқымдастары өседі, мұнда итмұрын, қызыл шие т. б. өсімдіктер көп.
- Қазақстан тауларында бірнеше орман түрлері бар
- самырсын және қарағай ормандары (Алтайда);
- жапырақты (Сауыр);
- майқарағай (Алтай және Жоңғар Алатауы);
- шырша (Алтайдағы сібір шыршасы, Жоңғар Алатауы мен Тянь-Шаньдағы Шренк шыршасы);
- алма ағаш (Жоңғар Алатауы мен Тянь-Шань);
- өрік (Солтүстік Тянь-Шань);
- шетен (Тянь-Шань);
- ақ қайың (Тянь-Шань).
Тау ормандарының мұншама кең алқапта орналасуына, республиканың батысында еменді және қарағашты, ал солтүстүігінде қайыңды және қарағайлы ормандардың бар болуына байланысты ормандар мен орман шалғындарының құрамындағы өсімдіктер Қазақстандағы барлық өсімдіктердін 40%-інен асады. Олардың ішінде 1 космополит (кәдімігі қыранқұлақ), 30-дан астам голарктикалық түр — орман папоротнигі, қауырсын папоротник, усасыр, құлмақ, күреңот, ұртшөп бар. Олар көне заман ормандарынан келіп жеткен реликтілер. Мұндай орман өсімдіктеріне грек жаңғағы, семенов үйеңкісі, лепсі таспасы, тянь-шань цицербитасы, семенов айдаршөбі сияқты аз тараған реликтілер, сондай-ақ «Қазақстанның Қызыл кітабына» енгізілген қырғыз қайыңы, бекара терегі, Мушкетов түйесіңірі, мыңжылқы усасыр қырыққұлағы сияқты эндемдер айырықша сипат береді.
- Альпі белдеулері
- Альпіге доңызсырт шабындықтары мен майда шөпті шалғындықтар тән. Бұлардың алғашқысы түкті доңызсырттан, ал Алтайда Белларди доңызсыртынан тарайды. Майда шөпті шабындық құрамында крылов бетегсі, монғол птильагростисі, ал түрлі шөптерден альпі маралоты, таран, сарғыш майдажелек т. б. бар.
- Субальпілік шалғындықтар тау белдеулерімен шекаралас жерлерде қалыптасқан. Тянь-Шаньда бұл — крылов бетегсінен, жартас қазтамағынан, кәдімгі манжеткадан құралған шалғындықтар. Тек мысыққұйрықтан тұратын шалғандықтар да кездеседі. Әдетте бұлардың бәрі құнарлы жаздық жайылымдар, шабындық жерлер.[21]
Жануарлар дүниесі
Ұлан байтақ Қазақстан жерінде сүтқоректілердің 172, құстың 485, бауырымен жорғалаушылардың 52, қосмекенділердің 12, балықтың 150-ге жуық түрі бар. Омыртқасыз жәндіктер (насекомдар, шаян тәрізділер, ұлулар, құрттар т. б.) бұдан да көп. Тек жәндік түрлерінің өзі-ақ 30 мыңнан асады. Жануарлар түрінің осыншалық көп болуы республиканың географиялық орнына, жер бедерінің дамуы мен жануар түрлері қалыптасуының ұзақ та күрделі тарихына байланысты.
- Жануарлардың табиғат зоналары бойынша мекендеуі
- Орманды дала зонасы. Қазақстанның солтүстігіндегі орманды дала зонасында бұлан, елік, ақ қоян, сұр тышқан, су егеуқұйрығы, орман тышқаны, бұлдырық, ақ кекілік, көл айдындарын суқұстары — аққу, қаз, үйрек, шағала, тарғақ, қасқалдақ мекендеген. Оңтүстікке қарай созылып жатқан Еділ жағалауынан Алтай таулы бөктеріне дейінгі астық тұқымдас шөп пен жусан, бетеге өскен далада суыр, дала алақоржыны, сүйірбас сұр тышқан, кәдімгі сұр тышқан, дала тышқаны, саршұнақ (үлкені, кішісі, жирені), ал құстан — дуадақ, безгелдек, жылқышы, сұңқар, дала трикушкасы, бозторғайлар, қыранқара, дала құладыны мен шабындық құландыны қоныстайды. Көктемнен күзге дейін бұл жерлерде ақбөкен үйірлері жайылады, олар қысқа қарай шөлді аймаққа ығысады.
- Далалық зона. Едәуір бөлігін Жайық өзенінің аңғарындағы орман алып жатқан далалық зонаның батыс бөлігін бұлан, елік жайлаған, мұнда европалық қара күзен, жұпар тышқан, орман сусары да кездеседі. Қосмекенділерден Жайық т. б. өзендердің аңғарында тарбақа, орман бақасы кездеседі. Мұнда бұлдырық, сұр кекілік, тырна, бозторғай көп. Сыңсыған қарағай өскен тау сілемдері (Көкше қыраты) бар далалық зонаның орта бөлігінде бұлан, елік, сілеусін, қызыл тоқалтіс сияқты орман тұрғындары, аққоян, ақтиін (Ертіс бойындағы қалың орманда), бұлдырық, қаратоқылдақ, кәдімгі тоқылдақ кездеседі. Далалық зонаның шығысында суыр, дала тышқаны, дала шақылдағы сияқты жануарлармен қатар аққоян, сілеусін, елік, арқар мекендеген.
- Шөлейт зонасы. Өсімдік жамылғысы әркелкі шөлейт зонасында- саршұнақтар (кішісі, орташасы, сарысы) мен қосаяқтың, құм тышқан мен толай қоянның бірнеше түрі мекендеген. Мұнда ақбөкен де, қарақұйрық та көптеп кездеседі. Бұл зонада құстан дуадақ, шіл, қылқұйрық, бозторғай т. б. бар.
- Шөл зонасы. Республиканың оңтүстігін тау бөктеріне дейін алып жатқан шөл зонада тек осында ғана мекендейтін бірнеше жануар түрлері бар, олар оңтүстікте республика шебінен тысқары шығып кетеді. Қыста қар тоқтап, көктемде қар суы жиналатын Үстірт пен Маңғышылақ жартастарының арасында кездесетін үстірт муфлоны жұтаң өсімдіктермен қоректеніп, ащы суды қанағат етеді. Үстіртте ұзын инелі кірпі, қарақұйрық, шөл сілеусіні — қарақал кездеседі. Сазды және қиыршық тасты шөл дала жануарларынан Қазақстаннан басқа жерлерде кездеспейтін ерекше тұқымдас өкілі — жаламан мекендейді. Ол тек Бетпақдалада, Балқаш көлінің солтүстік жағалауындағы кейбір аудандарда, Алакөл және Зайсан қазаншұңқырында ғана табылған. Солтүстік Балқаш маңындағы бірнеше жерден ғана табылған бесбашбайлы ергежейлі қосаяқ та ерекше хайуан. Ірі жануарлардан осы шөл далада ақбөкен, қарақұйрық қыстайды. Құстан — шіл, қылқұйрық, тырна, жек дуадақ кездеседі. Түк аяқты қосаяқ, үшбашбайлы ергежейлі қосаяқ, құм тышқаны, жіңішке башбайлы саршұнақ, ала жертесер, құм мысығы т. б. құм ішінде тіршілік етуге бейімделген. Оңтүстік Балқаш құмында осы араға тән сексеуіл жорға торғайы, шөл дала жапалағы тіршілік етеді. Құмайтты шөлде бірқатар кесіртке (жұмыр бас, ешкіемер), жылан (оқ жылан, айдаһар, қара шұбар жылан т. б.) түрлері, дала тасбақасы тараған. Өзен-көл аңғарындағы орман-тоғайларда елік, жабайы шошқа, құм қоян, қырғауыл т. б. кездеседі. Балқаш, Сасықкөл және т.б. көлдердің жағалауындағы қалың қамыс арасында бірқазан, жалбағай, аққұтан, көкқұтан, қарақаз, шағала бар. Алакөл айдынынан өте сирек кездесетін, «Қазақстан Қызыл кітабына» енгізілген реликт шағала қоныстайды.
- Қазақстанның шығысы мен оңтүстігін қоршап жатқан таулардың жануарлар дүниесі де сан алуан. Қылқан жапырақты Алтай ормандарында бұлан, марал, құдыр, сібір таутекесі, арқар, алтай көртышқаны, қоңыр аю, бұлғын, құну, күзен, барыс, тиін, борша тышқан, алтай суыры, құр, шіл, тундра кекілігі, ақ кекілік, алтай ұлары, кукша, жорға торғай кездеседі. Зайсан қазаншұңқырынан оңтүстікке қарай созылып жатқан тауларда (Сауыр, Тарбағатай, Жоңғар Алатауы) марал, елік, арқар, сібір таутекесі, қоңыр аю, сілесін, барыс, ұзынқұйрық саршұнақ мекендейді. Жоңғар, Іле Алатауы мен Талас Алатауында көкшіл суырдың орнына қызыл суыр және өте сирек кездесетін Менабир суыры жерсіндірілген. Қазақстанның оңтүстік-шығыс тауларында жыртқыш құстардан қозықұмай, тазқара, бүркіт тіршілік етеді. Бұл жерлерге сондай-ақ гималай ұлары, кекілік, ұзақ қарға, шау қарға, қызыл құйрық торғай, аршалық ементұмсық, тау шымшық, көкқұс тән. Жоңғар Алатауындағы кіші-гірім өзендерде жетісу тритоны тіршілік етеді[21].
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар
Ерекше қорғалатын табиғи аумақ — ерекше қорғау режимі белгіленген мемлекеттік табиғи-қорық қорының табиғи кешендері мен объектілері бар жер, су объектілері және олардың үстіндегі әуе кеңістігінің учаскелері.
Ерекше қорғалатын аумақ — кеңістігінде бағалы табиғи немесе колдан жасалған (бағалы экожүйе, гейзерлер, бау- саябақ ескерткіштері, инженерлік құрылыстар, т. б.) немесе қоршаған ортаға қолайлы әсер ететін кеңістіктер (орман жолағы, көгерген аймақтар), аумақтар, акваториялар. Мүндай аумақтар тек заңмен ғана емес, арнайы бақылауда болып, адамдармен қорғалады.[22]
Табиғат ресурстары
Қазақстан кен байлықтарының қоры мен әр алуандығы жағынан Жер шарындағы бай аймақтардың бірі. Минералдық шикізат қорлары Қазақстанның ұлттық экономикасының тұрақты дамуы мен қауіпсіздігінің маңызды кепілі. Қуатты минералдық шикізат базасының қазіргі жай-күйі республиканы шет елдердің кен қазбаларына тәуелділіктен толық арылтып, Қазақстанның дүниежүз. рынокқа минералдық шикізат қорлары мен оның өңделген өнімдерін шығаруына мүмкіндік берді. Минералдық шикізат ресурстары еліміздің даму стратегиясын анықтайтын негізгі факторлардың бірі. Маңыздылығы жағынан олар үш топқа бөлінеді. Бірінші топқа негізгі қаржы түсімін қамтамасыз ететін және экон.-саяси мәні бар стратегиялық кен байлықтары жатады: мұнай, газ, көмір, уран, хромит кен орындары. Екінші топты қаржы түсімін қамтамасыз ететін әрі Қазақстанның индустриялық бет-бейнесінің негізі болып табылатын маңызды кен байлықтары құрайды: темір, марганец, мыс, қорғасын, мырыш, алюминий және алтын кен орындары. Үшінші топқа ішкі және сыртқы рыноктарда жоғары сұранымға ие қалайы, күміс, фосфор, барит кен орындары кіреді. Кен байлықтардың барланған қоры негізінде ондаған мұнай-газ және кентас өндіретін кәсіпорындар жұмыс істейді, олар 70-тен аса әр түрлі минералдық шикізат түрлерін өндіреді және өңдейді.
Саяси жағдайы
Қазақстан — 1995 жылғы 30 тамызында республикалық референдумда қабылданған Конституция бойынша — өзін демократиялы, зайырлы, құқықты және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Қазақстан Республикасы — президенттік басқару формасындағы біртұтас мемлекет. Республиканың ең жоғары өкілді органы — Парламент. Ол республиканың заң шығару қызметін жүзеге асырады. Парламент тұрақты жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады.
Сенат әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының елордасынан екі адамнан, тиісінше облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және Республика елордасының бірлескен отырысында сайланатын депутаттардан құралады. Сенаттың 15 депутатын Парламент өкілеттігі мерзіміне Республика Президенті тағайындайды.
Мәжіліс дәрежелі өкілеттілік және біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша партиялық тізім негізінде сайланған 98 депутаттардан құралады, және 9 депутатты Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды.
Президент Үкіметті Мәжілістегі көпшілік алған партия ұсынысымен құрады. Республика Премьер-Министрі тағайындалғаннан кейінгі он күн мерзім ішінде Премьер-Министр Үкіметтің құрылымы мен құрамы туралы Республика Президентіне ұсыныс енгізеді. Премьер-Министр Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар өкімдер шығарады.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты он бір мүшеден тұрады, олардың өкілеттігі сегіз жылға созылады. Конституциялық Кеңестің Төрағасын Республиканың Президенті тағайындайды.
Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Заңмен құрылған Республиканың Жоғарғы Соты және Республиканың жергілікті соттары Республиканың соттары болып табылады.
Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару
Жергілікті мемлекеттік басқаруды тиісті аумақтағы істің жай-күйіне жауапты жергілікті өкілдік (мәслихат) және атқарушы органдар (әкімдік) жүзеге асырады.
Сыртқы саясат
Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты белсенділігімен, тепе-теңдік сақтауға ұмтылысымен, прагматизмдігімен, сындарлы сұхбат жүргізуге талпынысымен және көпжақты ынтымақтастыққа бағытталғандығымен ерекшеленеді. Халықаралық аренада мемлекетіміз өзінің тарихи, геосаясаттық және экономикалық факторларына байланысты көп ғасырлар бойы сыртқы саясатын халықаралық ынтымақтастық, көршілес мемлекеттермен татуластық және олардың аймақтық біртұтастығын кұрметтеу принципіне негіздеп жүргізіп келеді.
Қазақстанның өзге мемлекеттермен тең құқылы және екі жаққа да тиімді қарым-қатынас құруға ынталы екендігі оның бүгінгі күні дипломатиялық байланыс орнатқан шет мемлекеттердің санының көптігімен дәлелденіп отыр. 1991 жылы тәуелсіздік алған сәттен бастап біздің республика әлемнің 130 мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.
ҚР сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы
2020 жылғы 6 наурызда Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы жарияланды. Құжатта мынадай басымдықтар негізге алынған: - үдемелі сипатқа ие және ел дамуының жаңа кезеңінде Тұңғыш Президент – Елбасының сыртқы саяси бағытын жалғастыруға өзінің сабақтастығын сақтайтын елдің ашық, болжамды және дәйекті сыртқы саясаты; - адам құқықтарын қорғау, гуманитарлық дипломатияны дамыту және қоршаған ортаны қорғау; - халықаралық аренада экономикалық мүдделерді ілгерілету, соның ішінде инвестициялар тарту бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру; - халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау; - ең алдымен, негізгі әріптестер – Ресей, Қытай, АҚШ, Орталық Азия мемлекеттері және Еуропалық Одақ елдері, ал көпжақты құрылымдар бойынша – Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы және басқа да ұйымдармен өзара тиімді байланыстарды нығайтуды білдіретін өңірлік және көпжақты дипломатияны дамыту.[23]
Қазақстандағы саяси реформалар
2019 жылғы маусымда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Оның негізгі мақсаты – жұртшылық, саяси партиялар, азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен өтетін талқылаудың негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу.[24]
2019 жылдың шілдесінде Қазақстан Президенті азаматтардың сындарлы сұрауларына жедел әрі тиімді жауап беретін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жария етті.[25]
Сонымен бірге, Қазақстанда балама көзқарастар мен пікірлерді көтермелеу мақсатында басқа партиялардың өкілдеріне кейбір парламенттік комитеттерде төрағалық етуге мүмкіндік беретін заң қабылданатын болады. Саяси партияларды құру үшін тіркеу кедергісі 40 мыңнан 20 мың адамға дейін төмендетіледі.[26]
Қазақстанда бейбіт жиналыстар туралы жаңа заң қабылданды. Заңда пикет, демонстрация, шеру, митинг сияқты бейбіт жиналыстың негізгі тұжырымдамалары мен нысандарын қалыптастыруға мүмкіндік беретін концептуалды аппаратты енгізу қарастырылған. Заң ұйымдастырушылардың, бейбіт жиналыстарға қатысушылардың және журналистердің мәртебесін, құқықтары мен міндеттерін реттейді.
Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында Президент Қ.К.Тоқаев тұлғаға қарсы жасалатын қылмыс үшін қолданылатын жазаны да күшейтті.[27]
Қоғам
Қазақ техникалық мамандары Қазақ Инженерлер Бірлестігі ұйымына біріккен.
Мереке және демалыс күндер
Күн | Қазақша аталуы |
---|---|
1–2 қаңтар | Жаңа жыл |
7 қаңтар | Рождество мейрамы (Рождество Христово) |
8 наурыз | Халықаралық әйелдер күні |
21–23 наурыз | Наурыз мейрамы |
1 мамыр | Қазақстан халқының бірлігі күні |
7 мамыр | Отан Қорғаушылар күні |
9 мамыр | Жеңіс күні |
6 шілде | Астана күні |
30 тамыз | Қазақстан Республикасының Конституциясы күні |
Қажылықтың соңғы күні | Құрбан айт |
25 қазан | Республика күні |
16-17 желтоқсан | Тәуелсіздік күні |
2022 жылы Қазақстан Республикасындағы мереке және демалыс күндер[28] |
Экономикасы
Тәуелсіздік кезеңінде Қазақстанға әлемнің 120-дан аса елінен 330 млрд доллар шетелдік инвестиция тартылды.[29]
Дүниежүзілік Банктің «2020 жылғы бизнес жүргізу» есебінде Қазақстан әлемде 25-ші орынға ие болды және миноритарлық инвесторлардың құқықтарын қорғау бойынша әлемдегі ең үздік ел атанды. Қазақстанның ЖІӨ 179,332 млрд. АҚШ долларын құрайды және жылдық өсім қарқыны 4,5%- ға тең. Қазақстанның ЖІӨ жан басына шаққанда 9 686 АҚШ долларын құрайды.[30]
Қазақстан Қытай мен Қатардан кейін ХХІ ғасырдың бірінші онжылдығының ең серпінді 25 экономиканың арасында үшінші орынға ие. Қазақстанның әлемдік саудадағы рөлі мен жаңа Жібек жолындағы орталық орында орналасуы елге миллиардтаған адамға өз нарықтарын ашуға мүмкіндік берді. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына 2015 жылы мүше болды.
Қазақстан экономикасының әлемдік экономикадағы үлесін анықтаудың негізгі көрсеткіші — елдің халықаралық саудадағы үлесіне қарап анықтауға болады. Қазақстанның сыртқы сауда айналымы жылдан жылға өсіп келеді: 1995 жылы $9 млрд болатын болса 2008 жылы $109 млрд болды. Негізгі өсім мұнай өндіру және металлугрия саласыныңеншісіне тиесілі. Экспорт өндірілетін өнім көлемінің өсуіне жәнебағаның қымбаттауына байланысты.
Ал импорттың өсуі тиісінше өнімді өндіруге қажетті машиналар мен жабдықтарды сатып алудың нәтижесінде өсті[31].
2009 жылы сыртқы сауда айналымы 34%-ға төмендеп кеттті, оның негізгі себепшісі мұнай мен металл бағасының төмендеуі. Дегенмен, 2010 жылдан бастап бағалардың қайта өсуіне байланысты қарқынды даму байқалды, нәтижесінде экспорттық-импорттық операциялар көлемі $137 млрд. құрады. Экспорт ($92 млрд) импорттан екі есе көп болды ($45 млрд).
Экспорттың 75% — минералды ресурстар, ең үлкен бөлігі мұнай, газ, көмір, уран сияқты пайдалы қазбаларға тиесілі. Қалған 13% — металлдар және 3,4% — ауылшаруашылық өнімдері құрайды (негізгісі бидай), 4,2% — химия өнеркәсібінің өнімдері. Негізгі өндіретін тауар — өңделмеген табиғи қазбалар құрайды. Қазақстан әлемдік сауда нарығында табиғи ресурстарды қамтамасыз етуші ретінде қызмет етеді.
Қазақстан дүниежүзілік сауда ұйымына 2015 ж. 22 маусымда мүше болды.[32]
-
Дамыған Алматы
Қазақстанның сыртқы экономикасы
Қазақстанның сыртқы экономикасы әлем елдерімен экономикалық, сауда, валюта, ғылыми-техникалық, мәдени және басқа да қатынастарды қамтып отыр. Бұл сала субъектілері сыртқы экономикалық қызметтерге байланысты меншік түрі бойынша тәуелсіз елімізде тіркелген Қазақстанның немесе шет мемлекеттердің заңды немесе жеке тұлғалары болып табылады. Сыртқы экономика саласында басты және маңызды орында сауда саласы. Соңғы жылдарда Қазақстаннан экспортталатын тауарлардың үлесі үш есеге өсті. Оған бірнеше факторлар себепші болып отыр. Қолайлы инвестициялық жағдайлардың жасалуы тікелей шетелдік қомақты инвестициялардың тікелей ағылып келуіне себепші болды, оның негізгі бөлігі еліміздің мұнай өндіру саласына жұмсалады. Біріншіден, бұл өз кезегінде мұнай мен газ конденсатын өндіруді қарқынды дамытты. Екіншіден, дүниежүзілік тауар нарығындағы көмірсутектер шикізатын сату шартының қолайлылығы экспорт әлеуетінің өсіне жағдай жасады. Дәл осылай деп тау-кен металлургия сала-соңғы оң жыл көлемінде жалпы қазақстандық экспорт және қызмет көрсету үлесінің көбеюі, әлемдік сауданың дамуымен салыстырғандағы оның қарқынды дамуы мен көлеміне байланысты болып отыр.
Қазақстандығы тауар экспорттау динамикасының деңгейінің өсуі оның жоғары, екпінді дамуын көрсетеді. Орташа есеппен он жыл ішінде тауар экспорттау төрт есеге өссе, импорт үш жарым есеге өсті. Әлемдік деңгеймен салыстырмалы түрде қарағанда еліміздің макроэкономикалық көлемі жоғары емес. Осыған қарамастан Қазақстанның сыртқы экономикалық саласын болашақта дамытуына орасан зор шамасы бар. Атап айтқанда, бүгінде 500-ден астам кен орындары барланып, минералды шикізаттың 1220 түрінің барлығы анықталған. Осылардың көпшілігінен біздің еліміз дүние жүзі бойынша алдыңғы орында. Осылайша, Қазастан барланған цинк, вольфрам және барит қорларын әлем бойынша бірінші орында болса, күміс қорғасын және хромит қорынан екінші орында, мыс, марганец, флюорит бойынша үшінші, молибден қорынан төртінші, сонымен қатар алтын қоры жөнінен алдыңғы қатардағы он елдің қатарында.
Елімізде темір рудасы әлемдік қордың 8 пайызын, уранның жобамен 25 пайызын құрайды. Қазақстан мұнай қорын барлаудан әлемдегі он елдің қатарында.
Ғаламдық қаржылық — экономикалық тоқырау республикамыздың сыртқы экономикалық саласына кері әсерін тигізді.
Энергетикасы
Мәдениет және қоғам
Білім беру жүйесі
Бұқаралық ақпарат құралдары
Әлеуметтік саласы
Қарулы күштері
Қазақстан Республикасының әскери құрылымы әскери басқару органдарын, Қарулы Күштердің түрлерін, арнайы әскерлерді, тыл, әскери оқу орындары мен ғыл. мекемелерді қамтиды. Соғыс уақытында құрамына қорғаныс мин-не қарайтын әскер түрлерінен басқа Ішкі істер мин-нің ішкі әскерлері, Ұлттық қауіпсіздік к-тінің шекара қызметі және басқа да әскерлері, респ. “Ұлан”, азаматтық және аумақтық қорғанысты басқару мен құру органдары кіреді. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің басты мақсаты — елдің егемендігін, аумағының тұтастығын, экономикасын, мемл. ин-ттары мен азаматтарын соғыс қатерінен қорғау, жаугершілік немесе әскери қақтығыстар туғызудың алдын алу, Қазақстанның орнықты дамуы үшін қолайлы жағдай туғызу.
- Республика Қарулы Күштеріне бейбіт кезеңде мынандай негізгі міндеттерді орындау жүктелген
- әскери күшті, жауынгерлік даярлықты қамтамасыз етіп, басқару органдары мен әскерлерді ел ішіндегі қақтығыстарды,
- Қазақстан Республикасының мемл. шекарасында немесе аум-ның шегінде туған кез келген заңсыз қарулы күш көрсетуді тұмшалап, тойтара алатын деңгейде ұстау;
- әуе кеңістігін күзету, сондай-ақ, мемл. шекараның жедел-стратег. тұрғыда маңызды өңірлерін жабу;
- маңызды әскери нысандарды күзету;
- елдің кез келген ауданында жағдайды тұрақтандыру жөніндегі батыл іс-қимылға әзір болу;
- халықаралық міндеттемелерге сәйкес бітімгершілік және өзге де операцияларға қатысу.
Бұл міндеттерді орындауды Қарулы Күштер Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарымен өзара тығыз іс-қимылда жүзеге асырады. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік к-тінің шекара қызметіне құрлықта, теңізде, көлдерде және өзге де су айдындарында мемл. шекараны күзету мен қорғау, сондай-ақ, лаңкестікке (террорға), қару мен есірткі саудасына қарсы күреске қатысу жүктеледі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 ж. 23 қарашадағы 1579 қаулысына сәйкес елімізде Оңт., Батыс, Шығыс, Орт. әскери округтері құрылған. Оңт. әскери окуругінің қорғайтын жер аумағына: Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары кіреді. Округтің орт. штабы Тараз қаласында. Шығыс әскери округі қорғайтын жер аумағына: Шығ. Қазақстан, Павлодар облыстары кіреді. Округтің орт. штабы Семей қаласында. Батыс әскери округінің қорғайтын аумағына: Ақтөбе, Атырау, Бат. Қазақстан, Маңғыстау облыстары кіреді. Округтің орт. штабы Ақтөбе қаласында. Қазақстанның қалған облыстары Орт. әскери округіне қарайды. Орт. штаб – Қарағанды қаласында.
Қазақстанның геосаяси жағдайы үлкен өзгерістерге (экстремизм, шекараға таяу жерлерде әскери қақтығыстардың өршуі, жаңадан ядр. мемлекеттер пайда болуы, т. б.) ұшырауда. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери доктринасы орташа мерзімді кезеңге есептеліп жасалған (1999–2005) қорғаныстық сипатқа ғана ие. Ол әлемдегі және аймақтағы әскери-саяси жағдайды кешенді бағалауға, мемлекеттің экон. болмысы мен материалдық қорының мүмкіндіктеріне сүйенеді. Доктрина Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі стратегиясының негізгі ережелерін нақтылайды және шабуыл жасалған жағдайда елдің қорғанысын ұйымдастыруға, ұжымдық әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі одақтас мемлекеттермен бірлескен күш-жігерді үйлестіруге бағытталған.
Қызықты деректер
- Қазақстанда 19 миллионнан астам адам, шамамен 130-дан астам этнос тұрады. Оның 48,71 % — ерлер, 51,29 % — әйелдер. Қазақстан халық саны бойынша әлемде 64-орында.
- Қазақстанның аумағы Азия мен Еуропада орналасқан. Жер көлемі — 2,7 миллион шаршы шақырым. Дүниежүзінде 9-орында тұр. Қазақстанның территориясына 3 Түркия, 5 Франция немесе 7 Жапония сиып кетер еді.
- Қазақстанда бір сағаттық белдеу бар, климаты — күрт континенталды. Ауа температурасы -45-тен +45 градусқа дейін болады.
- Қазақстан – табиғи ресурстарға өте бай мемлекеттердің бірі. Менделеев кестесіндегі 105 элементтің 99-ы қазақ жерінен табылған. Мұнай қоры бойынша Қазақстан әлемдегі 20 жетекші елдің қатарына кіреді. Ал газ қоры бойынша 30-орынға, алтын қорлары бойынша әлемде 15-орынды, ураннан екінші орынға тұрақтаған.
- Қазақстан өз еркімен күштілігі жағынан әлемде төртінші орында тұратын қарудан бас тартып, әлемдегі ең ірі ядролық тәжірибелер полигонын жапты. 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигоны жабылды.
- Астана қаласы әлемнің ең жас астанасы болып есептеледі. 1998 жылы ЮНЕСКО бас қаланы «Бейбітшілік қаласы» деген атауға сай деп танып, медальмен марапаттады. Бразилияда өткен дүниежүзілік байқауда әлем бойынша 12 жас қаланың ішінен Астана жоғары атақты иеленді. Ал 2012 жылы елордаға «ТМД мен Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесі берілді. 2019 жылдың наурыз айынан бастап қала атауы Тұңғыш Президенттің құрметіне Астана деп өзгертілді.
- Әлемдегі ең биiк түтiн мұржасы Қазақстанда (Екібастұз қаласында) орналасқан. Оның биiктігi — 420 метр. Ол Эйфель мұнарасынан 100 метр биік.
- Байқоңыр – әлемдегі бірінші және ең үлкен ғарыш айлағы. «Байқоңыр» ғарыш айлағынан тұңғыш рет адамзат ғарышқа ұшқан. Ол Қазақстан жерінде Төретам кентіне жақын ауданда орналасқан. Көлемі 6717 шаршы шақырым.
- Медеу — әлемдегі ең биік орналасқан жасанды мұз айдыны. Мұнда 170 әлемдік рекорд орнатылған. «Медеу» атауы ХІХ ғасырдың соңында өмір сүрген қоғам қайраткері Медеу Пұсырманұлының құрметіне берілген.
- Қазақстанда 3,8 млн жеңіл көлік тіркелген (2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша)[33].
- Орталық Азиядағы ең үлкен театр Қазақстанда орналасқан. «Астана Опера» театрын 33 елдің мамандары үш жыл салды.
- Қазақстан – қызғалдақ пен алманың отаны. Ал жылқы алғаш рет (б.д.д 4 мыңыншы жылдарда) Қазақстанда қолға үйретілген.
- Қазақстанның төл валютасы қатарынан үш рет 2011, 2012 және 2013 жылдары дүниежүзіндегі ең үздік қағаз ақша ретінде танылды. Алғашқы қазақстандық ақшалар Лондонда шығарылды.
- Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанға әлемнің 120-дан астам мемлекеті 370 млрд доллардан астам инвестиция құйды (2022 жылғы деректер бойынша).
- Әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара — Қазақстан мен Ресей шекарасы (7591 шақырым).[34]
- Қазақстанның екі ескерткіші ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұрасының қатарында. Олар – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Таңбалы петроглифтері.[35]
Қосымша ақпарат
Дереккөздер
- ↑ Қазақстан Республикасының Конституциясы (қаз.). Қазақстан президентінің ресми сайты. Тексерілді, 12 қараша 2024.
- ↑ Қазақстан Республикасы — президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. — Қазақстан Республикасының Конституциясы, 2-бап, 1 бөлім
- ↑ a b Қазақстан халқының саны белгілі болды (қаз.).
- ↑ 2021 жылғы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағының қорытындылары. stat.gov.kz (4 қараша 2021). Тексерілді, 7 қараша 2021.
- ↑ Kazakhstan Population (ағыл.). countrymeters.info. Тексерілді, 29 қараша 2022.
- ↑ a b c d Report for Selected Countries and Subjects. International Monetary Fund. Тексерілді, 26 қараша 2022.
- ↑ Бірыңғай уақыт белдеуі: 1 наурыздан бастап сағат тілін қалай ауыстырамыз? (қаз.) (29 ақпан 2024).
- ↑ Қазақстанның географиялық орны мен шекаралары
- ↑ Биылғы Ұлттық халық санағының алғашқы нәтижесі белгілі болды
- ↑ Численность населения Казахстана по отдельным этносам на начало 2021 года (орыс.). Тексерілді, 1 мамыр 2021.
- ↑ The results of the national population census in 2009. Agency of Statistics of the Republic of Kazakhstan (12 қараша 2010). Тексерілді, 21 қаңтар 2010.
- ↑ "Қазақ" сөзінің мағынасы Мұрағатталған 14 желтоқсанның 2010 жылы.
- ↑ «ҚАЗАҚ» ДЕГЕН ЭТНОНИМНІҢ ШЫҒУ ТЕГІ. ОНЫ «КАЗАК» ЭТНОНИМІНЕ ҚАНДАЙ ҚАТЫСЫ БАР?
- ↑ Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы, Батырғалиұлы Мағаз. Әдебиет қазақия, 1908 жыл Мұрағатталған 1 маусымның 2013 жылы.
- ↑ Үздіктер ішінде Қазақия жоқ Мұрағатталған 31 тамыздың 2014 жылы.
- ↑ "Ана тілі" газеті, ҚАЗАҚИЯ ҚАЛАЛАРЫ
- ↑ 2011 жылғы 1 қаңтарға Қазақстан Республикасының облыстары, қалалары және аудандары бойынша халық саны Мұрағатталған 5 сәуірдің 2013 жылы.
- ↑ https://stat.gov.kz/
- ↑ Байқоңыр қаласын қоспағандағы саны
- ↑ a b https://stat.gov.kz/api/iblock/element/40166/file/kk/
- ↑ a b ҚазССР. Қысқаша энциклопедия, 2-том. Алматы - 1987
- ↑ Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Экология және табиғат қорғау / Жалпы редакциясын басқарған – түсіндірме сөздіктер топтамасын шығару жөніндегі ғылыми-баспа бағдарламасының ғылыми жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты А.Қ.Құсайынов. – Алматы: «Мектеп» баспасы» ЖАҚ, 2002 жыл. – 456 бет. ISBN 5-7667-8284-5
- ↑ https://www.inform.kz/kz/kasym-zhomart-tokaev-kr-syrtky-sayasatynyn-2020-2030-zhyldarga-arnalgan-tuzhyrymdamasyn-bekitti_a3622803 Мұрағатталған 24 қарашаның 2020 жылы.
- ↑ https://egemen.kz/article/202452-ulttyq-qoghamdyq-senim-kenhesininh-dgugi-salmaqty
- ↑ https://egemen.kz/article/211354-khalyq-unine-qulaq-asatyn-memleket
- ↑ https://abai.kz/post/103296
- ↑ https://informburo.kz/kaz/seksualdy-sipattay-ylmystara-zhaa-bap-engzlu-mmkn-za-zhobasyn-taldaymyz-.html
- ↑ 2022 жылы Қазақстан Республикасындағы мереке және демалыс күндер. egov.kz. Тексерілді, 8 қыркүйек 2022.
- ↑ https://www.inform.kz/kz/28-zhylda-kazakstanga-kansha-investiciya-tartyldy_a3595458
- ↑ https://stat.gov.kz/official/dynamic Мұрағатталған 17 қазанның 2019 жылы.
- ↑ В мировой экономике Казахстан - внизу пищевой цепочки 2013 жылдың 27 ақпан күні қаралды
- ↑ Назарбаев Қазақстанның ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздердің аяқталғанын жария етті
- ↑ https://www.inform.kz/kz/kazakstanda-3-8-mln-zhenil-kolik-tirkelgen_a3862967
- ↑ Қазақстан туралы қызықты деректер
- ↑ Қазақстан туралы 25 қызықты дерек
Сыртқы сілтемелер
Ортаққорда бұған қатысты медиа санаты бар: Қазақстан |
- Қазақстан Республикасының Сыртқы Істер Министрлігі Мұрағатталған 29 қыркүйектің 2011 жылы.
- Президенттің ресми торабы
- Парламенттің ресми торабы Мұрағатталған 1 маусымның 2019 жылы.
- Қазақстан Республикасының Электрондық үкіметі
- Үкiметтiң ресми торабы Мұрағатталған 7 тамыздың 2019 жылы.
- Қазақстан Мұрағатталған 9 наурыздың 2017 жылы. Ашық Тізімдеме Жобасы (ODP)
- Қазақстан Республикасының онлайн заңнамасы
- Қазақстанның ресми статистикасы Мұрағатталған 13 қарашаның 2013 жылы.
- Қазақстанның бірінші ақпараттық порталы
|
|