Мәслихат
Мәслихат — тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс қарамағындағы аймақтың жай-күйіне жауапты жергілікті өкілді орган. Ол сол аймақ халқының қалауын, ықтиярын білдіреді және жалпы мемлекеттік мүддені ескере отырып, қабылданған шешімдерді жүзеге асыру шараларын белгілейді әрі атқарылу барысын бақылайды.[1]
Мәслихаттар институты 1993 жылы 10 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» Заңының негізінде қаланды. Осыған орай 1994 жылдың наурызынан бастап оған дейін жергілікті мәслихат қызметін атқарып келген жергілікті халық депутаттары Кеңестерінің уәкілеттігі өкілді орган – мәслихаттарға берілді.[2]
Сайлау
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Мәслихаттарды тиiстi әкiмшілiк-аумақтық бөлiнiстiң халқы жалпыға бiрдей, тең, төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы 5 жыл мерзiмге сайлайды.
- Қазақстан Республикасының 20 жасқа толған азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады. Ол бiр мәслихаттың ғана депутаты бола алады.
- Мәслихат депутаттарының кезекті сайлауын өткізу үшін тиiстi мәслихат депутаттарының санын Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы мынадай шектерде белгiлейдi: облыстық мәслихатта, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарында - 50-ге дейiн; қалалық мәслихатта - 30-ға дейiн; аудандық мәслихатта - 25-ке дейiн.
Функциялары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Мәслихатты сайлау және оның пайда болуы халықаралық стандарт талаптарына жауап береді. 2001 жылдың 23 қаңтарында қабылданған «Жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Заңына сәйкес мәслихат өкілетті орган ретінде төмендегі функцияларды орындайды:
- аумақтың жоспарын, экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламаларын, жергілікті бюджетті, оның атқарылуы туралы есепті бекіту;
- қоршаған ортаны қорғау бойынша бағдарламаларды бекіту;
- әкім ұсынған әкімшілік-аумақтық бірлікті басқару сызбасын бекіту;
- әкімнің ұсынысы бойынша әкімдіктің жеке құрамын мәслихат сессиясының шешімімен келісу;
- атқарушы органдар жетекшілерінің есептерін қарау, мәслихат шешімін орындамаған ұйымдардың, мемлекеттік басқару органдарының лауазымды тұлғаларын жауапкершілікке тарту бойынша тиісті органдарға ұсыныс беру;
- ҚР заңдарына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету өкілеттіктерін іске асыру;
- ҚР әкімшілік құқық бұзушылық Кодексіне сәйкес тәртіпті бекіту;
- жергілікті бюджеттің, жоспарларының, экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламаларының орындалуына бақылау;
- мәслихаттың тұрақты комиссиясын және басқа да органдарын құру, олардың қызметтерінің есептерін тыңдау;
- халықты еңбекпен қамту және кедейшілікпен күресу бағдарламасын бекіту;
- ведомствоаралық сипаттағы мәселелер бойынша әкімдік жанынан консультативтік кеңестің жеке құрамын әкімнің ұсынысымен бекіту;
- ҚР Жер заңдары бойынша жер қатынастарын реттеуді жүзеге асыру;
- ҚР Конституциялық нормаларын, заңдарын, Президенттің актілерін, ҚР Үкіметінің нормативтік құқықтық актілерін орындауға қатысу.
Мәслихат сессиясы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Мәслихат өзінің өкілетін сессияда (сессия жылына 4 реттен сиретпей өткізіледі) өзінің тұрақты комиссиясы, мәслихат депутаттары, мәслихат төрағасы арқылы жүзеге асырады. Мәслихат мәслихаттың төрағасын сайлайды, олардың есептерін тыңдайды, тұрақты комиссияны қалыптастырады, мәслихаттың шығындарын анықтайды, мәслихат аппаратының құрылымын бекітеді.
Мәслихат сессиясы ашық түрде жүреді. Мәслихат төрағасы жергілікті атқарушы органдардың жетекшілерін шақыруға құқылы. Мәслихат өзінің мерзімінде тұрақты комиссияны құрады, онда жеті депутаттан артық болмайды. Тұрақты комиссия жылына бір рет есеп беріп тұрады.
Мәслихат немесе оның төрағасы мәслихат сессиясында қарауға мәселелерді енгізу жөнінде уақытша комиссия құруға құқығы бар. Уақытша комиссияның құрамын, міндетін, өкілетін, құқығын мәслихат анықтайды. Уақытша комиссия жұмысына қатынасқаны үшін еңбек ақы төленбейді.
Мәслихат төрағасы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Мәслихат төрағасы (2023 жылға дейін Мәслихат хатшысы деп аталды) — тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн лауазымды адам. Оны мәслихат сессиясында депутаттардың арасынан ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы сайлайды және қызметтен босатады. Мәслихат төрағасы мәслихат өкiлеттiгi мерзiмiне сайланады және тұрақты комиссия құрамында болуға құқығы жоқ. Қызметтері:
- мәслихат сессиясын және оның қарауына енгiзiлетiн мәселелердi дайындауды ұйымдастырады, сессияның күн тәртiбiн қалыптастырады, хаттаманың жасалуын қамтамасыз етедi, мәслихат сессиясында қабылданған немесе бекiтiлген шешiмдерге, өзге де құжаттарға қол қояды
- мәслихат сессиясын шақыру туралы шешiм қабылдайды
- мәслихат сессиясының отырысын жүргiзедi, мәслихат регламентiнiң сақталуын қамтамасыз етедi
- мәслихат аппаратының қызметiне басшылық жасайды: оның қызметшiлерiн қызметке тағайындап, қызметтен босатады
- мәслихаттың өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен өзара iс-қимылын ұйымдастырады
- мәслихат шешiмдерiнiң жариялануын қамтамасыз етедi, олардың орындалуына бақылау жасау жөнiндегi iс-шараларды белгiлейдi
Мәслихат аппараты
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Мәслихат аппараты ұйымдастырушылық, құқықтық, материалдық-техникалық және басқа да мәслихаттың органдарын қамтамасыз ету жұмыстарын жүзеге асырады.
Мәслихат аппараты жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекеме болып табылады.[3]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VI том
- ↑ Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл
- ↑ Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. ISBN 9965-32-491-3
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |