Мазмұнға өту

Лейкоз

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
(Лейкемия бетінен бағытталды)
Лейкоз

Лейкоз лейкемия (грек. leukos — ақ) — қан түзетін органдар жүйесінің қатерлі ісіктері.

Ісік жілік майындағы клеткалардың тоқтаусыз өсуімен және сол жердегі қалыпты қан жасалу процесінің бұзылуымен сипатталады. Соның нәтижесінде қан түйіршіктерінің (эритроцит, тромбоцит) саны азайып, ал жетілмеген лейкоциттер саны көбейіп кетеді. Лейкоз иондаушы сәулелердің (радиацияның), кейбір хим. заттардың (бензол, бензпирен, т.б.), вирустардың әсерінен дамиды. Клиник. ағымы бойынша және қан элементтерінің цитохим. өзгерістеріне қарай Лейкоздарды жедел және созылмалы деп бөледі. Жедел Лейкоздер кенеттен басталады. Науқастың дене қызуы көтеріліп, қызыл иектің қанап қабынуы, ауыз шырышты қабықтарының қанталауы, мойындағы, қолтық астындағы лимфа түйіндерінің шошынып ісінуі байқалады. Қандағы лейкоциттер саны 1 мкл қанда 10 мыңнан 100 мыңға дейін (10,0–100,0109/л) жетеді, олар негізінен жетілмеген клеткалардан тұрады. Шырышты қабықтардағы, денедегі қанталау ошақтары қан ұюына қатынасатын тромбоциттер санының азайып кетуіне байланысты болады. Қан тамырларының қабырғасына Лейкоз клеткаларының сіңіп қалуы — миға қан құйылуына әкеледі. Науқас адам қалтырап тоңады, қаны азаяды (қ. Анемия). Адамды әр түрлі инфекциялардан қорғайтын қалыпты лейкоциттердің, лимфоциттердің тапшылығы — организмде екіншілік инфекциялардың, өкпе қабынуының (пневмония), денеде іріңді ошақтардың, сепсистің дамуына алып келеді. Лейкоз клеткаларының ми қабықтарына таралуы науқасқа өте қауіпті жағдай туғызады. Тыныс алуы, жүрек соғуы жиілейді, адам әлсірейді. Созылмалы Лейкозға көк бауырдың, бауырдағы лимфа түйіндерінің өте ұлғайып кетуі жатады. Мыс., көкбауырдың салм. 5 — 8 кг, бауыр — 3 кг-ға дейін жетеді. Аурудың дене қызуы көтеріледі, тәбеті болмайды, қатты жүдеп әлсіздік пайда болады. Науқас тез шаршап, қатты тер басып, ентігеді, басы айналып, сүйектері сырқырайды. Қанда лейкоциттер саны ерекше көбейіп кетеді (1 мкл қанда 1 млн-ға дейін жетеді). Лейкоздың бұл түрі бірнеше жылдар бойы (кейде 5 — 8 жыл) дамиды. Егер ауру қатерлі ісік түріне ауысса, науқас 3 — 6 айдың ішінде өліп те кетеді.

Науқас ауруханаға жатқызылып, арнайы (стерильдік) жағдайларда емделеді, себебі олар иммундық жүйесі әлсіз болғандықтан жұқпалы ауруларға өте бейім тұрады. Емге әр түрі Лейкоз клеткаларының бөлініп көбеюін тежейтін дәрілер: винкристин, меркаптопурин, циклофосфан; стероидтық гормондар; антибиотиктер, поливитаминдер қолданылады. Лейкозбен мал (сиыр, жылқы, т.б.), кемірушілер (тышқан, т.б.) және сүтқоректілер де ауырады. Онымен ауырған жануарларды емдеу нәтиже бермейді.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақ ұлттық энциклопедиясы