Бетпақдала
Бетпақдала | |
Бетпақдала | |
Сипаттамасы | |
---|---|
Теңiз деңгейiнен биіктігі | 500 м |
Ұзындығы | 500 км |
Ені | 50 км |
Ауданы | 75 мың км² |
Су қорлары | |
Өзендер | Қарқаралы, Талдыеспе |
Климаты | |
Қаңтардағы орт. температура | -12, -14 °C |
Шілдедегі орт. температура | +24, +26 °C |
Жылдық жауын-шашын деңгейі | 100−150 мм |
Орналасуы | |
45°38′06″ с. е. 70°22′22″ ш. б. / 45.63500° с. е. 70.37278° ш. б. (G) (O) (Я)Координаттар: 45°38′06″ с. е. 70°22′22″ ш. б. / 45.63500° с. е. 70.37278° ш. б. (G) (O) (Я) | |
Ел | Қазақстан |
Аймақтар | Қарағанды облысы, Жамбыл облысы, Түркістан облысы |
Бетпақдала Ортаққорда |
Бетпақдала — Қазақстанның орталық бөлігіндегі кең байтақ аймақты алып жатқан шөлді өңір.
Географиялық орны
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қарағанды, Жамбыл, Түркістан облыстары аумағында орналасқан. Батысында Сарысу өзенінің төменгі ағысымен, шығысында Балқаш көлімен, оңтүстігінде Шу өзені аңғарымен, солтүстігінде Сарыарқамен шектеседі.
Жер бедері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Батыстан шығысқа қарай 500 км, солтүстіктен оңтүстікке қарай 300 км аумаққа созылған. Ауданы 75 мың км2 шамасында. Бетпақдала үстіртті шөлінің орташа абсолюттік биіктігі 300-350 м. Абсолюттік биіктігі 200-300 метрдей болатын көлемді оңтүстік-батыс бөлігі жазық, ал абсолюттік биіктігі 400-700 метрдей солтүстік-шығыс бөлігі қыратты.
Геологиялық құрылымы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Палеозой эрасының тау жыныстары (гранит, порфирит, әктас) тереңде жатыр, бетін мезозой мен палеоген кезеңінің шөгінді жыныстары (құмтас, саз, малтатас, құм) жапқан. Ең биік жері - Жамбыл тауы (974 м). Бұл бөлік Сарыарқаның каледондық құрылымының жалғасы.
Су торабы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Сай-жыралармен тілімденген Бетпақдала жазығында сор, тақыр және жазда құрғап қалатын тұзды көлдер кездеседі. Көктемде жауын суымен толығып, жазда құрғақ арнаға айналатын Қарқаралы, Қарасу, Талдыеспе сияқты кішігірім өзендер бар.
Климаты
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Климаты тым континенттік. Жазы ыстық, құрғақ, қысы суық. Қаңтарда ауаның орташа температурасы –12 -140С, шілдеде 24-260С. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 100-150 мм. Қардың қалыңдығы 10-15 см-ден аспайды. Тұрақты су көздері болмағанымен, жер асты (артезиан) суының қоры мол. Жайылымдар тереңдігі 10-30 м артезиан құдықтарымен суландырылады.
Топырағы, өсімдігі мен жануарлар дүниесі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Бетпақдаланың топырағы қоңыр, сұрғылт қоңыр. Солтүстігінде жусан басым, шығысындағы шоқылы таулардың тастақты шөлдерінде баялыш, эфедра, тасбұйырғын, орталығы мен батысындағы саздақты жерлерде жусан мен баялыш, оңтсүтігіндегі Шу өзені маңындағы құмды төбелер мен қырқаларда сексеуіл, теріскен, еркекшөп, құрғақ арналарын бойлай жыңғыл, тораңғы өседі. Солтүстік-шығысындағы таулы қыраттарда арқар, елік, қасқыр, түлкі; жазықта ақбөкен, алақоржын, саршұнақ, аламан, жылан, кесіртке, дуадақ, құр мекендейді. Бетпақдала - көктемгі және күзгі мал жайылымы. Сарыарқаның оңтүстігі мен Бетпақдала фаунасын сақтау мақсатында қорықшалар (Андасай, т.б.) ұйымдастырылған.[1]
"Бетпақдала" атауының мағынасы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Шу өзенінің терістігі мен Сарыарқаның арасында жатқан тылсым даланы халқымыз ертеден-ақ Бетпақтың даласы деп келген: жазы ыстық, қысы қатал сусыз, табиғаты өмір сүруге қолайсыз болғандықта да Бетпақтың даласы атанғандығы өзінен-өзі белгілі сияқты. Қазақта "бетпақ" деген байырғы сөз бар. Оның мағынасы бетсіздік. Ұятсыз, бетсіз адамды, әсіресе әйелді, ауылды жерде күні бүгінге дейін "бетпақ" деп ұрысады. Мұның арғы негізі "бет" және "бақ" деген екі сөзден құралады. "Бет" - кәдімгі бет, "бақ" - бағу, қаару. "Бетпақ" деген сөз "бет бақтырмайтын ұрысқақ" немесе "бет қаратпайтын суық, бет қаратпайтын ыстық" деген ұғымнан болуы керек. Өйткені, Бетпақтың төңірегін мекендеген елді сан ғасыр бойына бет бақтырмай, ішіне кіргізбей келгендігі рас. Дегенмен көшпелі халық өзі өмір сүрген ортаның табиғатын терең үйреніп оны шаруашылық мақсатына пайдаланған. Бетпақтың даласы бір қарағанда шөпсіз шетсіз қу дала болып көрінгенмен онда өсетін майда от малға жағымды. Бетпақта жайылған малдың еті өте дәмді, әрі "шыны" болып, майлы етті көп жей алмайтын болған. Бетпақта өсетін шөптердің негізгі түрлері саған, ебелек, боз жусан, майда қара жусан, май жапырақ, теріскен, қырықбуын, күйреуік, бүйірқұм, жауқазын, шытыр, ноқатек. Ноқатекке малды өте сақтықпен жайған. Өйткені ноқатекті көп жеген мал жарылып кететін болған.[2]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Балалар Энциклопедиясы, II- том
- ↑ "Созақ өңірі". Сүлеймен Тәбірізұлы. 197, 247-беттер. - Алматы: "Дәуір" баспасы, 2007 ж. ISBN 9965-749-84-1.