Мазмұнға өту

Аюлар

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
(Аю бетінен бағытталды)
Аюлар
Қазбалық ауқымы: АЮLate Эоцен - Recent
Барибал, Ursus americanus
Барибал, Ursus americanus
Ғылыми топтастыруы
Дүниесі: Жануарлар
Жамағаты: Хордалылар
Табы: Сүтқоректілер
Сабы: Жыртқыштар
Кіші сабы: Иттәрізділер
Тұқымдасы: Ursidae
Григорий Иванович Фишер фон Вальдгейм, 1817
Genera

Аюлар (лат. Ursidae) — жыртқыштар отрядына жататын сүтқоректі аң тұқымдасы.

Олардың дене бітімі шомбал, басы үлкен, құлағы кішкентай, құйрығы қысқа (қалың жүнінен көрінбейді). Жүні бір түсті, қоңыр, қара не ақ, аяғы бес саусақты, тырнақты болады. Иіс сезу қабілеті жақсы жетілген. Қазір олардың ақ аю, ақтөсті аю, қоңыр аю, барибал, ерінді аю, малай аюы, көзілдірікті аю және үлкен панда деген 8 түрі кездеседі. Ақ аю Солтүстік Мұзды мұхит жағалауында тіршілік етеді. Оның дене тұрқы 3 м-дей, салмағы 400 – 700 кг-дай. Суда өте жақсы жүзеді, сүңгиді, табаны жүнді болғандықтан мұз үстінде таймайды. Ит балықпен, әсіресе каспий итбалығымен (нерпа) қоректенеді. Ақ аю екі жылда бір балалайды, қонжықтары енесімен 1,5 жылға дейін жүреді. Ақ аю Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» енгізілген (1976 жылы). Ал Қазақстанда Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Тарбағатай, Сауыр және Алтай тауларында аюдың 2 түр тармағы (қоңыр аю, Тянь-Шань қоңыр аюы) мекендейді. Қоңыр аюдың дене тұрқы 2 м-дей, салмағы 150 – 200 кг-дай, түсі қоңыр, қара қоңыр болады. Өзінің мінез құлқы жағынан бейқам, момын, қорқақтау келеді, орман ішінде адам көзіне көрінбейді. Ол адамның өмірі үшін қауіпті емес. Қорек талғамайды. Аюлар үш жасында жыныстық жағынан жетіледі. Ұйығуынан 7 ай өткен соң, 2 – 4 қонжық табады. Қаңтар, ақпан айларында жаңа туған қонжығының салмағы 300 – 600 г болады. Енесінің сүтімен 4,5 – 5,5 айға жуық қоректенеді, бір-екі жыл енесімен бірге жүреді. Аюлар 30 – 40 жылдай тіршілік етеді. Буаз аю жеке жүреді, қыста үңгірінде жалғыз жатады. Күзге таман бойына 50 кг-ға жуық май жинап, қатты семіреді де, қысқа қарай ұйқыға кетеді. Егер қажетті май қорын жинай алмаса, ұйқыға жатпайды. Аю – бағалы аң. Ол майы және шипалық қасиеті бар өті үшін ауланады. Семіз аюдан 120 кг ет, 50 кг-дай витамині мол май алуға болады. Аю жабайы тұяқты аңдарға, үй малдарына, сондай-ақ адамға да шабуыл жасайды. Бал омартаcына түсуді жақсы көреді. Қоңыр аюлар кәсіптік аң ретінде ауланып келді. Қазір оларды аулауға тыйым салынған.[1]

Ақ аю

Аюдың кейбір өнімдері халықтық медицинасында қолданылады. Аюдың етін кептіріп алып, суға аздап езіп ішкізсе, адамның көптеген ауруларына дауа деп есептеледі. Мұндай ем түрі ыстықты түсіреді, жараны тез жазады, кокжөтелге, шиқан, сыздауық шыққанға, бала денесіне шыққан бөртпеге және сары ауруға қарсы ем ретінде саналады. Мәлімет берушілердің айтуына қарағанда, Аю етін асқазан қыжылдау, кекіру сияқты ауруларға қарсы ем ретінде де қолданылады. Оны кебірек жесе денені қыздырып, қан қысымын көтереді. Аюдың қыртыс майын боршалап, жел-қүздан болған буын ауруына, саусақтардың арасына шыққан қиғаққа (теміреткі тәрізді) қыздырып тартады. Ұйқысы қашып жүрген адам иленген теріні жамылып жатса тыныштанады. Аю терісінің үстіне бір ұйықтап тұрса ұйқысы Аюдікіндей болады деп ырымдайды.[2]

Өздерінің ауыр денелеріне қарамастан, аюлар өте жақсы өрмелеп, жүгіреді. Олар сағатына 55 км-дей жылдамдықпен зымырап жүгіре алады. Олар жемістерді алу үшін немесе жауларынан құтылу үшін ағаштарға өрмелеп шығады. Қара аюлардың көбі өте жақсы өрмелейді. Көзілдірікті аю ағаш басында өмір сүретін аюлар қатарына жатады. Бұл аюлар ағаштардың басына жапырақтардан ұя жасап, сол жерде қоректеніп, ұйықтап, уақыттарының көбін сонда өткізеді.

Қысқы ұйқы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Көптеген аюлар қыстыгүні қорек азайған кезде қимылсыз күйге көшеді. Қимылсыз күй дегеніміз –аюлардың апанда ыңғайланып алып ұйқыға кетуі. Бұл кезеңде аюлардың жүрек соғысы бәсеңдейді, дене температурасы төмендеп, ас қорытуы баяулайды, өте аз энергия жұмсайды. Аюлар ұйқыға күзде дайындала бастайды. Олар өте көп қоректеніп, көп салмақ жинайды. Кейбір қоңыр аюлар қор жинау үшін күніне 40-45 кг шамасында тамақ жейді. Осы май болып жиналған энергияны қыстап шығу үшін пайдаланады.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ энциклопедиясы
  2. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. - Алматы: DPS, 2011. - ISBN 978-601-7026-17-2
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Ursidae