Рафаэль Санти

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Рафаэль Санти, Раффаэло Санти (6.4.1483, Урбино — 6.4.1520, Рим)

Рафаэль Санти, Раффаэло Санти (6.4.1483, Урбино — 6.4.1520, Рим) — италиялық кескіндемеші әрі архитектор, қайта өркендеу дәуірінің аса ірі шеберлерінің бірі.

Сарай суретшісі Джованни Сантидің отбасында туған. Италиялық кескіндемеші П.Перуджиноның шәкірті. Алғашқы шығарм. кезеңінде Леонардо да Винчи, Микеланджело, Д.Браманте өнері ықпалында болды. “Рыцарьдың түсі” (Лондондағы Ұлттық галереяда) мен “Мадонна Конестабиле” (Санкт-Петербургтегі Эрмитажда; екеуі де 1500 — 02 ж. ш.) атты алғашқы туындыларынан-ақ талантты суретшінің өзіндік қолтаңбасы аңғарылды. Осы жылдары ол Перуджино шеберханасын тастап, “Марияның некелесуі” (1504, Миландағы Брера галереясы) атты діни сюжеттегі картинасы мен “Кілт тапсыру” композициясын бітірді. 1504 ж. кескіндемеші Флоренцияда жұмыс істеп, өнердің әйгілі үлгілерімен танысты әрі анатомия, перспектива заңдылықтарын оқып үйренді.

Бозбала кезінде салған авто-портрет деп саналады

Адам бойындағы қастерлі мейірімділік пен сезім кәусарлығын, табиғат тылсымын паш еткен Рафаэльдің көптеген альтарлық образдары (“Грандука мадонна”, Флоренциядағы Палатина галереясында; “Шалғындағы мадонна”, Венаның Тарихи-көркемсурет мұражайында, 1504 — 08; “Шоқындырушы Иоанн және нәрестемен отырған мадонна” немесе “Бақ күтуші сұлу”, 1505, Париждегі Луврде) шеберге өшпес даңқ алып келді. 1508 ж. Рафаэль Римге шақырылып, папа Юлий ІІ оған Ватикан сарайын безендіруді жүктеді. Рафаэльдің ең нәтижелі еңбегі болып табылатын Ватикан сарайы салтанат залының жазбаларында суретші негізгі жоспарға (католик шіркеуі мен Рим папасын мадақтауға) шырмалып қалмай, адамның табиғи және рухани күш-қуатының жан-жақты өсуін, өмір шапағаты мен еркіндік мұратын асқан суреткерлікпен бейнелей білді. Рафаэль 1506 — 11 ж. делла Саньятура Станцысындағы (залындағы) туындыларында адам қызметінің төрт қырын — дін ілімін, философияны (“Афины мектебі”), поэзия (“Парнас”) мен заң ғылымын (зиялылар мен шіркеу құқығы тарихынан алынған “Даналық, Өлшем және Күш”) және діни сюжет пен мифтік көріністерді негізгі арқау етті. 2-залдағы (д’Элиодоро станцысы, 1511 — 14) “Элиодорды аластау[”, “Апостол Петрдің қараңғы зынданнан босанып шығуы” атты тарихи аңыз тақырыбындағы фрескалары сәуле мен көлеңке ұтымдылығы және колорит байлығы арқылы дарынды суретшінің тағы да бір қырын танытты. 3-залдағы (дель Инчендио станцысы, 1514 — 17) драм. шиеленіске толы фрескалары, Сикст капелласы үшін жасалған шпалерлер топтамасы (1515 — 16), Римдегі Фарнезе вилласындағы еңбектері Р-дің озық туындыларының бірінен саналады. Юлий ІІ (1511 ж. ш., Флоренциядағы Уффици галереясы), Донна велата (1513 ж. ш., Палатина галереясы), Б.Кастильоне (1515 — 16, Лувр) портреттері мен мадонналарында (“Альба мадонна”, 1510 — 11 ж. ш., Вашингтондағы Ұлттық галерея; “ди Фолиньо мадонна”, 1511 — 12 ж. ш., Ватикан пинакотекасы; “Секстин мадоннасы”, 1515 — 19, Дрезден сурет галереясы) кейіпкерлердің басты мінез ерекшеліктері мен табиғи пәк сезімдерін шынайы шеберлікпен суреттеді. Іайта өркендеу дәуірі өнеріне тән басты қасиеттерді (өмір құбылыстарын, әсемдік пен сұлулық идеалын гуманистік тұрғыдан тану) бойына сіңірген Рафаэль шығарм. өнер тарихынан өшпес орын алып, өзінен кейінгі көптеген шәкірттері мен ізбасарларына жол салды. Өмірінің соңғы кезеңінде өтініш-тапсырманың өте көп түсуіне байланысты шәкірттеріне (Джулио Романо, Дж.Ф. Пенни, т.б.) сырттай бақылау жасаумен ғана шектелді. Браманте қайтыс болғаннан кейін Р. әулие Петр соборында бас архитектор қызметін атқарып, Браманте бастаған құрылысты аяқтады. 1509 жылдан Римдегі Сант-Элиджо дельи Орефичи шіркеуін, Киджи капелласы (1512 — 20) мен палаццоларды және Флоренциядағы Пандольфини құрылысы жобасын жасады. [1] [2] [3]

Портреттері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Гращенков В.Н., Рафаэль, М., 1975
  2. Лебядинский М. С., Портреты Рафаэля, М., 1983; Рафаэль и его время, М., 1986
  3. Рафаэль, М., 1987; Рафаэль [текст Е.Капретти], М., 2000.