Құм
Құм[1] – ұсақ түйірлі борпылдақ шөгінді тау жынысы. Құрамында әр түрлі минералдар мен тау жыныстарының түйіршіктері бар.
Топтары
Пайда болу тегі жағынан құмдар бірнеше топтарға бөлінеді:
- көлдік
- теңіздік
- флювиогляциалдық (сулық-мұздық)
- элювийлік
- делювийлік
- пролювийлік және эолдық (желдік).
Түйір мөлшеріне қарай жіктелуі
- Өте ұсақ түйірлі (0,05-0,1 мм)
- Ұсақ түйірлі (0,1-1,00 мм)
- Ірі түйірлі (1-2 мм)
Саз алеврит мөлшерінің молаюына қарай алевритті құм , сазды құм болып ажыратылады.
Түстері
Құрамындағы тау жыныстарының, минералдардың және олардың сыртын қаптаған әр түрлі минералдық заттардың түсіне сәйкес құм ақ, сары, қоңыр, қара, қызыл, т.б. түсті болады.
Қасиеті
Құраушы бөліктерінің ірілігі әр түрлі және қуыстылығы жоғары (20%-дан астам) болғандықтан құм су, мұнай, газ сияқты заттарды бойына жеңіл сіңдіреді.
Құм құрамында алтын, платина, алмас, сапфир, лағыл, циркон сияқты сирек минералдар көп шоғырланса, пайдалы қазынды болып саналады.
Пайдалануына қарай топтары
- Жаппай - автомобиль және темір жол құрылысында, бетон, цемент ерітіндісін даярлауда, силикаттық құрылыс материалдарын өндіруде және басқа салаларда пайдаланылатындар жатады.
- Арнаулы мақсатта - құю өндірісінде (формалық құмдар), отқа төзімді материалдар (динас), фарфор - фаянс, әйнек, абразивтік материалдар (қайрақ, егеу) өндіруде қолданылатындар жатады.
Дереккөздер
- ↑ Қазақстан табиғаты:Энциклопедия / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы:" Қазақ энциклопедиясы" ЖШС, 2011. Т.З. - 304 бет. ISBN 9965-893-64-0 (Т.З.), ISBN 9965-893-19-5